КӨРНЕКІ АҚПАРАТ – ТЕК БЕЗЕНДІРУ ЕМЕС, МЕМЛЕКЕТТІК МӘРТЕБЕНІҢ КӨРСЕТКІШІ

2
0

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Түркістан қаласы – еліміздің рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ғана емес, ұлттық идеологияның тірек нүктелерінің бірі. Осы орайда, Түркістан қаласының көрнекі ақпарат кеңістігі, қоғамдық орындағы тілдік орта, жарнама мен маңдайша мәтіндерінің мемлекеттік тілде сауатты әрі заң талабына сай ресімделуі – бүгінгі күннің маңызды талабы.

Осы мақсатта Түркістан қаласы әкімдігі жанынан құрылған арнайы насихат тобы «Жауғашты» базары аумағындағы нысандарды аралап, тіл заңнамасының сақталу деңгейін тексеріп шықты. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасы Тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының 20-тармағы және «Тіл туралы» Заңның 21-бабына сәйкес жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда қоғамдағы тілдік орта тек ресми құжаттармен шектелмейді. Көшедегі әрбір маңдайша, жарнама, хабарландыру – мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнын айқындайтын көрнекі көрсеткіштер. Сондықтан да жарнамада кеткен қате – жай ғана грамматикалық олқылық емес, ол ұлттық сана мен мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретін факторға айналуы мүмкін. Түркістан – тарихи тағылымы терең, рухани символы зор қала. Мұнда әр жазба, әр көрнекі нысан – турист үшін де, тұрғын үшін де елдік ұстанымды білдіреді. Сондықтан тілдік дәлдік пен заңдылықты сақтау – Түркістанның ерекше мәртебесіне сай әрекет. «Жауғашты» базары маңында жүргізілген бақылау нәтижесінде 12 нысан қаралып, олардың ішінен 5 кәсіпкердің жарнамалық материалдарында заң талаптарының бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, мемлекеттік тілдегі мәтіндердің қате жазылуы, орыс тіліндегі жазбалардың басым тұруы, мемлекеттік тілдің фондық сипатта ғана берілуі, жазулардың техникалық және стильдік талаптарға сәйкес келмеуі сынды түйткілдер белгілі болды. Бұған байланысты ескерту алған кәсіпкерлерге ауызша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң нормалары мен талаптары жазбаша түрде түсіндірілді. Бұл – жазалаудан бұрын түсіндіру мен алдын алу жұмыстарын бірінші орынға қоюдың үлгісі.

Жергілікті билік өкілдері, тіл мамандары мен насихат тобының мүшелері кәсіпкерлермен ашық диалог орнатып, тіл заңнамасын сақтаудың артықшылықтарын түсіндірді. Айтуларынша, заңды сақтау – бизнес беделін арттырады. Мемлекеттік тілдегі сауатты жарнама – тұтынушы сенімін күшейтеді. Жергілікті тұрғындармен түсінікті әрі жақын байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Тілге құрмет – ұлтқа, елге құрметтің белгісі. Бизнес өкілдері де өз тарапынан кемшіліктерді түзетуге ниетті екенін білдіріп, тиісті жұмыстар жүргізуге уәде берді. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, мемлекеттің тұтастығы мен тәуелсіздігінің символы. Мемлекеттік тілдің күнделікті өмірде кеңінен қолданылмауы – қоғамда қос тілдік тепе-теңдікке әкеліп, ұлттық сәйкестікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан «Тіл туралы» Заңның талаптарын сақтау – әр азаматтың, әр кәсіпкердің, әр мекеменің азаматтық борышы мен заң алдындағы жауапкершілігі. 2023–2029 жылдарға арналған Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы осыны басты бағыт етіп алады. Бұл құжатта көрнекі ақпараттағы тіл нормаларын сақтау, қоғамдық орындарда мемлекеттік тілді қолданысқа енгізу, мемлекеттік мекемелердің жауапкершілігін арттыру, түсіндіру, оқыту, насихаттау жұмыстарын жүйелеу секілді кешенді шаралар қарастырылған.

Түркістан – жай ғана облыс орталығы емес, ұлттық тарихтың тірі шежіресі. Мұнда тарихи кесенелермен қатар, бүгінгі тілдік кескін де келушіге елдің рухани болмысын көрсетеді. Сол себепті Түркістандағы әр маңдайша, әр хабарландыру, әрбір баннер қазақы мән мен мазмұнға, сауатты тілдік формаға ие болуы тиіс. Тілдік кеңістікті қалыптастыруда білім беру мекемелері, жергілікті кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар, тұрғындар мен еріктілер белсенді атсалысуы қажет. Тек бір бағытты бақылау емес, жалпы қоғамның саналы әрекеті ғана бұл мәселені жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді. Түркістан қаласы әкімдігі бастаған тілдік мониторинг жұмыстары – мемлекеттік тілге деген жанашырлықтың көрінісі. Анықталған кемшіліктер, ескертілген нысандар – бұл тек мәселенің беткі бөлігі ғана. Ең бастысы – қоғамда тілге деген жауапкершілік пен ұқыптылық қалыптасып келеді. Тіл – тек сөз ғана емес, ұлттың коды, елдің жаны. Түркістан сияқты тарихи-рухани қалаларда тіл тазалығы мен мәдениеті – елдің болашаққа бағытталған рухани компасы болуы тиіс. Сондықтан бұл жұмыс жалғаса бермек. Келешек ұрпаққа сауатты, таза, заңға сәйкес тілдік кеңістік қалдыру – бүгінгі буынның міндеті. Ал Түркістан бұл үдерісте көш басында тұруы – заңдылық.