ШЕРЗАТ СОТЫ: ПРОКУРОР 7-23 ЖЫЛ АРАСЫНДА ЖАЗА СҰРАДЫ

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысында жарыссөз өтіп жатыр.

Іс бойынша айыпталушылар орнында 9 адам отыр. Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай айыпталушы Абзал Шынасылға 23 жыл, ал Равиль Сәкиевке 20 жыл жаза тағайындауды сұрады. Сотталушылар Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Дидар Қалиахметке 7 жыл, Нұрқияс Ілиясовқа өтелмеген жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті 9 жыл, Азамат Тоқтаубаевқа өтелмеген жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті 15 жыл, Думан Ысқаққа 1 жыл 6 ай жаза сұрады.

Айыпталушыларға келесідей айып тағылған:

— Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі 5, 9, 14-тармақтары (адам өлтіру), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бап 2-бөлігі 1, 7, 9 тармақтары.

— Равиль Сәкиев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бап 2-бөлігі 1, 7, 9-тармақтары (адам өлтіру);

— Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық).

— Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1 бөлігі (бөтеннің мүлкін жымқыру).

— Кәмелетке толмаған Дидар Ысқақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша айып тағылып отыр.