ҚЫТАЙ КӘСІПКЕРЛЕРІМЕН ЖАҢА ЖОБАЛАР ПЫСЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен Қытай Халық Республикасына жасалған жұмыс сапары өңірдің халықаралық деңгейдегі экономикалық байланыстарын нығайтып, стратегиялық серіктестікті дамытуға тың серпін беріп отыр. Сапардың басты мақсаты – шетелдік инвестицияларды тарту, өңіраралық ынтымақтастықты күшейту және Түркістанды өндірістік-инновациялық орталыққа айналдыру.
Сапар барысында Түркістан облысының ресми және іскерлік делегациясы Бейжіңдегі жетекші компаниялармен бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Екіжақты келіссөздер барысында өңір басшысы инвесторларға Түркістанның әлеуетін таныстырып, нақты салалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Облыс әкімінің айтуынша, Түркістан облысы өңірлік логистиканың түйінінде, қолайлы климаттық жағдайы бар, еңбек ресурсына бай, және ең бастысы – инвестициялық орта тұрақты әрі тартымды. Бұл факторлар өңірдің шетелдік капитал үшін тиімді алаң екенін көрсетеді. «Біз әр инвестормен жеке жұмыс істеуге дайынбыз. Қытай мен Қазақстан арасындағы достық пен өзара сенім – жаңа жобаларды іске асыруға нақты негіз. Түркістан индустриалды даму мен ауыл шаруашылығын цифрландыруға бағытталған өңір ретінде қытайлық инвесторлар үшін мол мүмкіндіктер ұсына алады», – деді Нұралхан Көшеров.
Сапар аясында облыс басшысы ауыл шаруашылығын автоматтандыру, суаруды басқару жүйелері, агроөнеркәсіптік жабдықтар, бұлтты платформалар, азық-түлікті терең өңдеу, сондай-ақ ақылды мақта шаруашылығы бағытында маманданған жетекші компаниялармен кездесті. Бұл кездесулерде мына салалар бойынша ынтымақтастық пысықталды — ауыл шаруашылығы техникасы мен цифрлық платформаларын енгізу, агросектордағы «ақылды шешімдер» – дронмен егістік өңдеу, нақты климаттық бақылау жүйелері, азық-түлік өнімдерін өңдейтін зауыт салу, теңіз өнімдерін өңдеу саласындағы бірлескен жобалар, жеңіл өнеркәсіп пен мақта өндірісі бойынша кластерлік жүйе құру. Бұл бағыттар Түркістан облысының аграрлық-индустриялық даму жолындағы басты тетіктеріне айналуы мүмкін. Жұмыс сапары аясында техникалық және кәсіптік білім беру саласы да назардан тыс қалған жоқ. Түркістан облысында өндіріс орындары мен кәсіптік білім беру ұйымдарының байланысын күшейту арқылы сұранысқа сай маман дайындау – басты бағыттардың бірі. Осы мақсатта қытайлық кәсіптік оқу орындарымен серіктестік орнату, техникалық мамандықтар бойынша тәжірибе алмасу, инженерлік кадрлар даярлау үшін оқу-өндірістік алаңдар құру мәселесі талқыланды. Бұл – өңірде индустрия мен білімді ұштастырудың ұзақмерзімді стратегиясы.
Облыс әкімі инвесторларға нақты қолдау тетіктерін де ұсынды. Қазіргі таңда Түркістан облысында 15 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Жалпы аумағы 4 000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынады. Инфрақұрылым толықтай дайындалған – электр, газ, су, жол бар. Бүгінде бұл аймақтарда отандық және шетелдік 100-ге жуық жоба іске асырылып жатыр. Жаңа өндіріс ошақтарын ашу арқылы жұмыс орындары көбейіп, өңірлік жалпы өнім көлемі ұлғаюда. Кездесулер барысында бейнебақылау жүйелері, жасанды интеллект технологиялары және ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмысы да таныстырылды. Бұл жобалар қауіпсіздік саласын цифрландыру мен ақылды қалаларды дамытуға жол ашпақ. Түркістан облысының Қытайдағы сапары – тек инвестициялық форум емес, жаңа экономикалық серіктестіктің нақты бастамасы. Қос тарап ауыл шаруашылығынан бастап, өнеркәсіп, логистика, қауіпсіздік пен кадр даярлау бағыттарында ынтымақтастық орнатуға ниетті. Нұралхан Көшеровтің нақты ұсыныстары мен жүйелі көзқарасы өңірді алдағы уақытта Орталық Азиядағы инвестициялық хабтардың біріне айналдыруға мүмкіндік берері сөзсіз. «Біз серіктестікке ашықпыз. Инвесторларға нақты қолдау көрсету – біздің міндетіміз. Түркістан – сіздердің сенімді әріптесіңіз», – деді өңір басшысы қорытынды сөзінде.