ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫНДА ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

35
0

Түркістан облысында еңбек қатынастары мен әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек қауіпсіздігін күшейту, жұмысшылардың құқығын қорғау сынды өзекті мәселелер үнемі күн тәртібінде. Бұл жолы да «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің кезекті Үйлестіру кеңесі осындай маңызды бағыттарды талқылауға арналды.

Кеңес төрағасы Бердіғали Өмірәлі жиынды ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып, кәсіподақ қозғалысының қазіргі таңдағы рөлі мен алдағы басымдықтары туралы пікір білдірді. Жиынға салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының басшылары, сондай-ақ орталықтың қызметкерлері қатысты. Кеңестің күн тәртібінде алғашқы болып Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 27-ші кезекті съезіне дайындық мәселесі қаралды. Бұл – еліміздегі еңбек қозғалысының даму бағытын айқындайтын маңызды оқиға. Бердіғали Өмірәлі бұл съездің тек есеп беру шарасы ғана емес, еліміздегі кәсіподақ ұйымдарының даму тұжырымдамасын белгілейтін маңызды кезең екенін атап өтті. Нақтырағы «Бүгінгі таңда кәсіподақ қозғалысының рөлі артып келеді. 11 шілдеде өтетін съезд – осы бағыттағы маңызды оқиға. Сол себепті біз оған тыңғылықты дайындалуымыз қажет», – деді ол.

Кеңес аясында Халықаралық кәсіподақтар федерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің Жазғы мектебі туралы да ақпарат берілді. Бұл іс-шара – кәсіподақ көшбасшыларының халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуына жол ашатын маңызды алаң. Бердіғали Өмірәлі жазғы мектептің маңыздылығына тоқталып: «Бұл – көшбасшылар үшін тек оқу емес, стратегиялық ойлауды дамыту, әріптестік орнату мен жаңа тәсілдерді меңгерудің алаңы», – деп атап өтті. Кеңесте ерекше назар аударылған тағы бір мәселе – мекемелер мен өндіріс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі мен жазатайым оқиғалардың алдын алу. Бұл тақырып қоғамда өзектілігін жойған емес, әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы секілді өндірістік салаларда.

Бердіғали Өмірәлі өз сөзінде: «Қауіпсіз еңбек – басты басымдық. Бұл мәселе әр мекемеде үнемі назарда болуы керек. Біз тек тексерумен шектелмей, алдын алу мәдениетін қалыптастыруымыз керек», – деді. Ол қауіпсіздік бойынша оқыту семинарларын көбейту, жұмысшыларға нұсқамалар беру, еңбек инспекторларымен тығыз байланыста болу қажеттігін баса айтты. Кеңес барысында кәсіподақ ұйымдарына «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстарына лайықты үміткерлерді ұсыну тапсырылды. Бұл байқаулар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, ұжымдағы еңбек этикасын насихаттау, үздік қызметкерлерді қоғам алдында таныту бағытында аса маңызды. «Ұсынылатын үміткерлер – тек жетістікке жеткен кәсіпорын ғана емес, сонымен қатар еңбек адамының мәртебесін көтеретін лайықты тұлғалар болуы керек», – деді Бердіғали Өмірәлі.

Кеңес соңында түрлі ағымдағы мәселелер қозғалып, қатысушылар пікір алмасып, ұйымдастырушылық, заңнамалық және стратегиялық бағыттағы ұсыныстарын ортаға салды. Бұл отырыс – кәсіподақ ұйымдарының тек құқық қорғаушы емес, қоғамдық диалогты қалыптастыратын маңызды институт екенінің айғағы болды. Кәсіподақтар – жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір. Ал олардың белсенділігі – әлеуметтік әділеттілік пен қауіпсіз еңбек жағдайының кепілі.