ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жергілікті деңгейде нақты нәтижелерін беруде. Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында халықтың әлеуметтік, мәдени және спорттық қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Соның айғағы ретінде жуырда аудан тұрғындары үшін аса маңызды екі әлеуметтік нысан – жаңа мәдениет үйі мен спорт кешені пайдалануға берілді.

Боралдай ауылдық округіне қарасты Амансай елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерген 150 орындық мәдениет үйі ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы болды. Заманауи стандарттарға сай салынған нысан толықтай техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мәдениет үйі – тек концерт немесе жиын өткізетін орын ғана емес, ауыл халқының шығармашылық әлеуетін дамытатын, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіретін іргелі ошақ. Мұнда әртүрлі өнер үйірмелерінің жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Хореография, дәстүрлі ән, домбыра, театр үйірмелері арқылы жастар мен балалар өнерге жақындаса, ересектер де бос уақытын тиімді өткізе алады. Ғимарат ішінде кітапхана орналастырылып, ауыл тұрғындарының білімге деген сұранысына жол ашылды. Бұл – ауыл мәдениетінің дамуына серпін беретін нақты қадам. Сол күні Алғабас ауылдық округінің Шақпақ елді мекенінде жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Бұл нысанды «Real Story Invest» ЖШС іске асырып, құрылысты 2024 жылдың мамырында бастаған. Қысқа мерзім ішінде аяқталған кешен ауыл жастары үшін таптырмас мүмкіндікке айналды. Спорт кешенінде дене шынықтыру, футбол, волейбол, күрес, жаттығу залдары және басқа да спорт түрлеріне арналған арнайы орындар қарастырылған. Құрал-жабдықтары қазіргі стандартқа толық сай. Мұндай кешендер – ауыл спортын дамытудың тірегі ғана емес, сонымен қатар жастарды тәрбиелеудің, оларды зиянды әдеттерден аулақ ұстаудың тиімді жолы.

Жаңа мәдениет үйі мен спорт кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов қатысып, тұрғындарды айтулы қуаныштарымен құттықтады. Өз сөзінде ол бұл нысандардың тек ғимарат емес, ауылдың рухани және спорттық тынысын ашатын тірек орталықтар болатынына сенім білдірді. «Бұл – халықпен жасалған тығыз жұмыстың, нақты жоспар мен мемлекет қолдауының нәтижесі. Ауыл тұрғындары үшін мәдениет пен спорт – өмір сапасын жақсартатын маңызды бағыттардың бірі», – деді аудан әкімі. Жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған мұндай жобалар тұрғындардың мемлекетке деген сенімін нығайтады. Сонымен қатар, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, ауылдағы қоғамдық белсенділікті арттыруға ықпал етеді.

Бүгінде Бәйдібек ауданында 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 спорт алаңы бар. Бұл – ауылдық аудандар арасындағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Аудан әкімдігінің бастамасымен атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде спортқа тартылған жастар саны жылдан-жылға артып келеді. Балалар мен жасөспірімдер арасында өткізілетін турнирлер мен жарыстар да көбейіп, салауатты өмір салтын насихаттау күшейіп отыр. Бәйдібек ауданында пайдалануға берілген мәдениет үйі мен спорт кешені – тек құрылыс нысаны емес, бұл – халықтың өмір сапасына салынған инвестиция. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының нақты көрінісі осындай жобалар арқылы көрінеді. Келешекте осындай бастамалар жалғасын тауып, өзге де ауылдық округтерде мәдени және спорттық инфрақұрылымның кеңеюі – өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етері сөзсіз. Бәйдібек – бүгінде өнер мен спорт қатар дамып келе жатқан өңірлердің бірі ретінде өзгелерге үлгі бола алады.