ТӨЛЕБИ АУДАНЫ – АГРОӨНЕРКӘСІП ПЕН ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУ ТОҒЫСҚАН ӨҢІР

32
0

Түркістан облысындағы Төлеби ауданы – табиғи байлығы мен аграрлық мүмкіндігі қатар дамып келе жатқан ерекше өңір. Соңғы жылдары ауданда жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар мен жеке бастамалар елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына оң ықпалын тигізуде. Жақында ауданға арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері ауыл шаруашылығы, білім беру, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі бағытындағы бірнеше ірі жобалармен танысты. Бұл нысандардың әрқайсысы – ауданның жаңғыру жолындағы нақты қадамдарының көрінісі.

Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері Абай ауылында орналасқан 138 гектар алқапты алып жатқан алма бауына ат басын бұрды. Бұл жоба – өңірдегі ауыл шаруашылығын жоғары технологиямен ұштастырған ауқымды бастама. Италиядан әкелінген 300 мыңға жуық алма көшеті мұнда тамшылатып суару әдісімен бапталуда. Аталған әдіс – суды үнемді пайдаланып, өнімділікті арттырудың тиімді жолы. Алма бауына қажетті су қорын қамтамасыз ету үшін 3–4 шақырым биіктікте орналасқан «Қошқарата» су тоғаны соғылған. Бұл – агроөндіріс пен гидротехникалық шешімнің үйлесімді үлгісі. Жалпы жобаның құны – 1,65 млрд теңге. Бауда өсіріліп жатқан алманың төрт сұрпы – Гренни смит (50 мың түп), Айдаред (50 мың түп), Голден делишес (115 мың түп), Гала (50 мың түп) – бүгінде ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие. Бұл сұрыптардың жергілікті жерге бейімделуі мен өнім сапасы арқылы шаруашылық экспорттық әлеуетін де арттыра алады. Сонымен қатар, шаруашылық табиғи алма шырынын өндіретін цехты іске қосуды жоспарлап отыр. Құны 682,4 млн теңге болатын бұл жоба күніне 1 тонна шикізатты қайта өңдеуге қауқарлы. Алма өнімін тек шикі түрде сатумен шектелмей, қайта өңдеу арқылы қосымша құн қалыптастыру – кәсіпкерлік мәдениетінің жаңа кезеңіне өтіп жатқанын көрсетеді. Шаруашылық өз қаражаты есебінен 500 тонналық жеміс сақтау қоймасының құрылысын да аяқтап жатыр. Бұл маусымаралық кезеңде өнімді ұзақ сақтап, нарықтағы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Баспасөз туры аясында журналистер аудан орталығындағы 580 балаға арналған медицина және педагогика саласы бойынша білім беретін колледждің жұмысымен танысты. Ерекше атап өтерлігі – бұл оқу орны жеке қаражат есебінен салынған. Жалпы құны 150 млн теңге болатын ғимарат бүгінде толық пайдалануға беріліп, 10 бағыт бойынша кәсіби мамандар дайындауда. Білім беру мекемесінің осындай үлгісі – жекеменшік инвестицияның әлеуметтік салаға тартылуының нақты мысалы. Бұл модель еліміздің басқа да өңірлерінде қолдануға лайық. Кәсіптік-техникалық білім беру арқылы жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі артып, жергілікті кадрлық қор қалыптасады.

БАҚ өкілдері сондай-ақ Ленгір қаласындағы 156 пәтерлі 5 қабатты үш тұрғын үйдің құрылыс барысын көрді. Жалпы құны 2 млрд 79,2 млн теңге болатын бұл жоба 10 026 шаршы метр тұрғын үй аумағын қамтиды. Құрылысты 2025 жылдың қазан айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл – тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар мен жас мамандар үшін үлкен мүмкіндік. Қолжетімді баспананың болуы – өңірге кадр тартуға, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға, жастардың ауылдан көшпеуіне жағдай жасайды. Журналистер Бірінші Мамыр ауылындағы жылына 43 мың тонна асфальт-бетон шығаратын зауытқа да барып, өндіріс барысымен танысты. Құны 110 млн теңге болатын бұл нысан – жол құрылысындағы жергілікті сұранысты қамтамасыз етуге арналған. Зауытта 14 адам жұмыспен қамтылған. Ал балмұздақ және тұшпара шығаратын цех – Төлеби ауданындағы өңдеу өнеркәсібінің үздік үлгілерінің бірі. 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орнында жылына 3 мың тонна балмұздақ және 15 тонна тұшпара өндіріледі. Мұнда 125 адам еңбек етеді. Бұл – азық-түлік өндірісі арқылы тұрақты жұмыспен қамтуды жолға қойған кәсіпорынның табысты моделі.

Төлеби ауданында жүзеге асырылып жатқан жоғарыда аталған жобалар – ауыл шаруашылығы, білім беру, тұрғын үй құрылысы және өнеркәсіп салаларында жүйелі даму бар екенін айқын көрсетеді. Бұл – мемлекеттік қолдау мен жеке инвестицияның тиімді үйлесім тапқан ортасы. Жергілікті кәсіпкерлердің алғырлығы, шетелдік технологияларды енгізуге деген ынтасы, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі – өңірдің болашаққа сеніммен қадам басуына жол ашып отыр. Төлеби – тек табиғаты көркем мекен ғана емес, сонымен қатар жаңаша тыныс алған, өндіріс пен білім, кәсіп пен ғылым қатар дамып жатқан аймаққа айналуда.