КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ БЕЛСЕНДІЛІГІМЕН КӨЗГЕ ТҮСІП КЕЛЕДІ

52
0

Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Шымкент концерт» концерттік ұйымы жанынан биылғы наурыз айында жаңа кәсіподақ ұйымы құрылып, ұжым мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауға және ұжымдағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ауқымды жұмысын бастады.

Жаңа кәсіподақ ұйымының басты мақсаты — қызметкерлердің әл-ауқатын жақсарту, еңбек құқықтарын қорғау және ортақ рухты нығайту. Құрылған сәтінен бастап ұйым бастамашыл әрі белсенді қадамдарымен көзге түсіп келеді. Кәсіподақ ұйымы алғашқы іс-шарасын Наурыз мерекесін ерекше деңгейде атап өтумен бастады. Қазақтың ұлттық мейрамымен қатар келген қасиетті Рамазан айында ұжым қызметкерлеріне арналған ауызашар кеші ұйымдастырылды. Бұл рухани кеш тек дастархан басында бас қосу емес, ұжымдық рух пен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды шара болды. Кәсіподақ ұйымы жастар саясатына ерекше көңіл бөлуде. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылып, ұжым қызметкерлері арасында футбол турнирі өткізілді. Турнирге филармонияның әр бөлімінен 9 команда қатысып, бәсекеге толы тартысты ойын көрсетті. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды. Турнир соңында қатысушыларға арналған тегін түскі ас ұйымдастырылып, жағымды орта қалыптасты. Бұл бастама — жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, командалық жұмыс пен патриоттық рухты күшейтуге зор әсер етті.

Кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын назарда ұстап, мерейтой иелеріне ерекше құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Мекемеде 50 және 60 жасқа толған әр қызметкерге гүл шоқтары мен 50 000 теңгелік сертификаттар табысталып келеді. Бұл — әрбір қызметкерге деген шынайы құрмет пен ризашылықтың белгісі. Кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта қызметкерлердің әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірнеше маңызды жобаларды жүзеге асырмақ. «Шымкент концерт» филармониясы жанынан құрылған кәсіподақ ұйымы — әлеуметтік жауапкершілік пен ұжымдық бірліктің жарқын үлгісі. Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған жүйелі жұмыс әрі қарай да жалғасатын болады. Кәсіподақ ұйымының белсенділігі мен қамқорлыққа толы бастамалары ұжымда сенім, ынтымақ және еңбекке деген жоғары мотивация қалыптастыруда шешуші рөл атқаратыны сөзсіз.