БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ – ҚОҒАМДЫҚ ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ҚҰРАЛЫ

Қала халқының денсаулығы мен әлеуметтік белсенділігі – өркениетті қоғамның басты көрсеткіштерінің бірі. Әсіресе ірі мегаполистерде бұқаралық спортты дамыту, қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру — қаланың стратегиялық даму бағытымен тығыз байланысты. Бұл орайда Шымкент қаласының әкімдігі жүйелі қадамдар жасап келеді. Соңғы көшпелі кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған нақты ұсыныстар мен бастамаларға орай, бірқатар тың жобалар қолға алынуда.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тұрғындармен өткізген көшпелі кездесуі барысында күн тәртібіне қойылған маңызды мәселенің бірі — бұқаралық спортты дамыту және инфрақұрылымды жетілдіру болды. Бұл кездесу қала тұрғындарының тек көкейіндегі сауалдарын жеткізіп қана қоймай, өңірлік саясат пен жергілікті басшылықтың қоғам сұранысына құлақ түретінін айқындады. Тұрғындардың нақты ұсыныстары белгілі болды. Олар — Бозарық шағынауданында – спорт кешенінің мүлде болмауы (Нұрлан Уткелбаевтың өтініші), Азат шағынауданында – спорт инфрақұрылымының тапшылығы (Мақсат Тоғызбаевтың ұсынысы), Орталық саябақта – ашық алаңдарда спорттық іс-шаралар өткізу қажеттігі (Қарлығаш Рахиева көтерген бастама). Қала әкімінің тапсырмасы бойынша жауапты мекемелерге жедел тапсырмалар жүктеліп, бүгінде нақты шаралар іске асырылып жатыр. Нақтырағы, Бозарық шағынауданында заманауи үлгідегі спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл — мәселенің қағаз бетінде ғана қалмай, жүйелі жоспарлау кезеңіне өткенін білдіреді. Құрылыс жұмыстары 2026–2027 жылдарға жоспарланған.
Азат шағынауданында спорт нысанын салуға арналған тиісті жер телімін анықтау жұмыстары басталды. Бұл – жобаның алғы сатысы, бірақ әкімдік тарапынан назар бар екенін көрсетеді. Бұдан бөлек, Орталық саябақта шахмат турнирі өткізілмек. Бұқаралық спортты насихаттау және тұрғындарды салауатты өмір салтына ынталандыру мақсатында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай қалалық шахмат турнирі ұйымдастырылмақ. Іс-шара әртүрлі жастағы азаматтарды, соның ішінде ардагерлерді тарту арқылы зияткерлік спорттың маңызын арттырып, ұрпақтар сабақтастығына жол ашады. Бүгінгі күнде спорт — денсаулық пен белсенділікке қоса, қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайтатын алаң. Әсіресе балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қарттардың өмірге деген құлшынысын қолдау, әр азаматтың өзін қоғам мүшесі ретінде сезінуі үшін қолжетімді спорт нысандарының болуы — негізгі талаптардың бірі.
Шымкент қаласында қолға алынып жатқан бастамалар әлеуметтік теңдікке жол ашады. Қала ішіндегі спорттық инфрақұрылымның тең дамуын қамтамасыз етеді. Азаматтарды денсаулыққа, сергек өмірге бет бұруға ынталандырады. Қала басшысының тұрғындармен ашық кездесуі барысында көтерілген әрбір ұсыныс – қағаз жүзінде емес, нақты жобалармен жалғасын тауып жатқандығы, Шымкенттегі спорт саласының нақты әрі шынайы бетбұрыс кезеңіне аяқ басқанын білдіреді. Бозарық пен Азат шағынаудандарындағы жобалар – ұзақмерзімді болса, Орталық саябақтағы шахмат турнирі – жедел іске асатын нақты қадам. Бұл өз кезегінде әкімдік жұмысының стратегиялық және тактикалық үйлесімділігін көрсетеді.