АЙБЫНДЫ ЖАСТАР – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТІРЕГІ ⁣⁣

78
0

«Мемлекет іргесінің берік болуы — батыл да айбатты, ержүрек жауынгерлердің қолында». Тарихи өлкетану мұражайында өткен «Айбынды жастар – Жаңа Қазақстанның тірегі» атты әскери-патриоттық іс-шарасында ҚР Қарулы Күштері ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікбай Онбаев осылай деді. Ерлік сабағына «Жас сарбаздар» кадет мектебінен 60-қа жуық оқушы қатысты.

Шымкент қаласы қорғаныс істер жөніндегі департаменті мен білім басқармасының бастамасымен өткен жиында жастар ардагерлермен кездесіп, рухани әңгіме өрбітті. « Болашақ Отан қорғаушылар – біздің жастар. Оларға жыл сайын ардагерлердің қатысуымен өтетін ерлік сабағын беруден жалыққан емеспіз. Білектің күшімен, найзаның ұшымен қалдырған ата-бабамыздың жерін қорғайтын осы азаматтар болғандықтан, оларға тәрбие беру үшін аянбай еңбек етеміз» деді Серікбай Онбаев. «Бүгінгі күн ел тарихын тануымен бастау алды» деп атап өтті жас сарбаз Н.Тәліп. Ол аталған шарадан көп нәрсе түйгенін айтады. Нақтырағы. «Тарихи өлкетану мұражайына жиналған жас сарбаздар елі мен жері үшін қанын төккен ата-бабаларымыздың тарихына қанық болдық. Осындай іс-шараны ұйымдастырған ұстаздарыма алғыс айтамын» деді жас сарбаз. Айта кетейік, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасының аумағы бір күнге Шымкент қаласының «Жас ұлан» республикалық мектебі мен орта мектеп оқушылары үшін жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу орталығына айналды. 20 мектептен 400-ден астам бала Шымкент гарнизоны әскери қызметшілерінің күнделікті өмірімен танысты. Өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятып, Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге бағытталған ашық есік күні, әскери бөлімнің бақылау-өткізу пунктінен басталды, онда оқушылар мен ұландарды бөлім басшылығы қарсы алды. Ең алдымен, оқушылар әскери асханамен танысты. Онда балаларға сарбаздардың қашан және қалай тамақтанатыны, диетасына не кіретіні туралы айтылды. Бұдан әрі АӘД пәнінің мұғалімдері балалармен бірге әскери қызметшілер демалып, бос уақыттарын өткізетін үй-жайлырдың орналасқан жеріне барды.