ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІКТІҢ КӨРСЕТКІШІ

Қаланың шет аймақтарын дамыту мен инфрақұрылымды жетілдіру – заманауи урбанизацияның негізгі талабы. Бұл тұрғыда Шымкент қаласы басшылығының тұрғындар өтінішіне дер кезінде назар аударып, нақты шешім қабылдауы – әлеуметтік тұрақтылық пен билікке деген сенімді арттыра түседі. Осындай нақты мысал – Қайнарбұлақ саяжай алабындағы тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің тұрғындармен өткізген көшпелі кездесуі – әкімдік пен халық арасындағы диалогтың шынайы үлгісіне айналды. Қайнарбұлақ саяжайының тұрғындары бұл кездесуде көптен бері шешімін таппай келе жатқан табиғи газға қосылу мәселесін көтерді. Бұл мәселе — жай ғана тұрмыстық жағдай емес. Ол қауіпсіздік пен экологияны жақсартуға, тұрғын үйді заңдастыру үдерісін оңтайландыруға, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер ететін фактор.мӘкімнің бұл мәселеге жедел назар аударуы, жауапты құрылымдарға нақты тапсырма беруімен ерекшеленді. Нәтижесінде қалалық энергетика және инфрақұрылым басқармасы мен Абай ауданы әкімдігі мәселені егжей-тегжейлі зерделеуге кірісті. Қайнарбұлақта магистралды газ құбыры тартылғаны, қажетті инфрақұрылымның толық дайын екені анықталды. Бүгінде 2300-ден астам үй табиғи газға қосылған, қалған тұрғындар үшін де толық мүмкіндік бар. Тұрғындардың барлығы бірдей газға қосыла алмауының бірден-бір себебі – үй иелігінің құжаттық жағдайына қатысты мәселелер. Атап айтқанда, кейбір үйлер қызыл сызық аумағында орналасқан. Мұндай жағдайлар техпаспорт рәсімдеуге кедергі келтіріп, тұрғындардың газға қосылуын тежеп отырған. Бұл мәселені шешу үшін Абай ауданы әкімдігі креативті және заңды тәсілді қолға алды. Енді тұрғындарға форма-7 анықтамасы (7-нысан) беріліп, бұл құжат табиғи газға қосылуға заңды негіз ретінде қарастырылуда. Осылайша, бюрократиялық кедергілерді барынша оңтайландыру арқылы тұрғындарға нақты көмек көрсетілуде.
Мұндай жүйелі қадамдар тек бір саяжай аумағын ғана емес, қаланың инфрақұрылымдық теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қала тұрғындарының барлығы бірдей заманауи инженерлік желілерге қол жеткізуге, тұрмыс сапасын арттыруға, заңды құқықтарын жүзеге асыруға құқылы. Қайнарбұлақ мысалы – әлеуметтік әділеттіліктің нақты көрінісі. Бұл бағытта әкімдік тұрғындардың жеке жағдайларын ескеріп, әрбір үй шаруашылығы үшін ыңғайлы әрі заңды шешім ұсынуда. Қазіргі таңда газ жүйесіне қосылмаған үйлердің иелері үшін ішкі жүйеге қосылу мүмкіндігі толық бар. Аудан әкімдігі тарапынан әлеуметтік қолдау мен түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Бұл үдеріс – тек инфрақұрылым емес, мүлікті заңдастыру, әлеуметтік тұрақтылық және экологиялық қауіпсіздік шараларымен ұштасып жатыр. Қайнарбұлақтағы жағдай – әкімдік жұмысының тыңдауға, түсінуге және нақты әрекет етуге негізделгенін дәлелдейді. Табиғи газбен қамту сияқты маңызды әлеуметтік мәселе жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы сенімді нығайтады. Қала шетіндегі елдімекендерге назар аударылып отырғанын көрсетеді. Урбанизация үдерісінің әділ әрі теңгерімді жүріп жатқанын дәлелдейді. Шымкент қаласы алдағы уақытта да инфрақұрылымдық жобаларды тұрғын сұранысына сай бағыттап, қолжетімді қызмет пен заңды шешімдерді үйлестіре отырып, қала мәдениетін жаңа сапаға көтеретіні анық.