«ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ»: ҚОҒАМДЫҚ СҰРАНЫСТАН НАҚТЫ ЖОБАҒА ДЕЙІН

42
0

Шымкент қаласы күн сайын жаңарып, заманауи әрі жайлы өмір сүруге қолайлы орталыққа айналып келеді. Соның жарқын бір дәлелі – Абай ауданына қарасты Нұршуақ шағын ауданында тұрғындар игілігіне берілген жаңа сквер. Бұл жобаның ерекшелігі – оның бастамашысы да, идеясын ұсынушысы да – халықтың өзі.

Жаңа демалыс орнының іске асырылуы қалалық дамудың заманауи моделіне – «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына негізделген. Бұл тәсіл қала тұрғындарының әлеуметтік өмірге араласуын арттырып, мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен жауапкершілікті нығайтады. «Халық қатысатын бюджет» – тұрғындар қаладағы өз шағынаудандары мен көшелерін абаттандыруға тікелей үлес қосатын тиімді тетік. Жоба бойынша тұрғындар өз ұсыныстарын беріп, дауыс беру арқылы ең өзекті бастамалар анықталады. Қала бюджетінен бөлінген қаржы сол жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Нұршуақ тұрғындары үшін жаңа сквердің ашылуы – осы демократиялық құралдың жемісі. Бұл – басқару мен қоғам арасындағы сенім көпірі. Миялы көшесінің бойында орналасқан демалыс аумағы – тек ландшафтық нысан ғана емес, әлеуметтік маңызы зор жоба. Онда 20 жарықшам мен 20 орындық орнатылған. Қоқыс жәшіктері қойылған. 190 түп жасыл желек егілген. Жасыл желек ауаның сапасын жақсартып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Жарықпен жабдықталған орын – кешкі серуенге қауіпсіздік пен жайлылық сыйлайды. Балалармен серуендеп, үлкендердің демалуына мүмкіндік жасайды. Тұрғындардың бос уақытын тиімді әрі мәдениетті өткізуіне жағдай туғызады. Азаматтардың ұсыныс-пікірлері негізінде туған бұл демалыс орны – қалалықтардың ортақ мүддеге деген жауапкершілігінің көрсеткіші. Сквердің ашылуы тек бір аудандағы көркейту ісі ғана емес, бұл – жергілікті басқару мен қоғам арасындағы жаңа деңгейдегі өзара іс-қимылдың үлгісі. Бұрын қала саябақтары мен скверлерін әкімдік қана жоспарлайтын болса, енді мұндай кеңістіктердің дизайны мен функционалдығы тұрғындармен бірлесе отырып айқындалады.

Скверлер – бұл тек демалу орны ғана емес, олар тұрғындардың әлеуметтік байланысын нығайтатын орта, балалардың қауіпсіз ортада ойнауына жағдай туғызатын алаң, қарттардың денсаулығын жақсартуға сеп болатын орын, қоғамдық мәдениеттің қалыптасуына үлес қосатын кеңістік. Сол себепті мұндай нысандар қаланың инфрақұрылымдық дамуының ғана емес, әлеуметтік тұрақтылығының да көрсеткіші. Абай ауданы әкімдігі мен қала басшылығы «Халық қатысатын бюджет» тетігін одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Бұл – келешекте көбірек шағын аудандардың көркейтілуіне, әлеуметтік бастамалардың жүйелі іске асуына, қалалық инфрақұрылымның тұрғындар қажеттілігіне сай дамуына жол ашады. Нұршуақтағы жаңа сквер – заманауи урбанизацияның жергілікті модельге бейімделген нақты көрінісі. Бұл – әкімдік пен қоғам арасындағы серіктестік нәтижесі. Ең бастысы – тұрғындар өз ортасының дамуына тек бақылаушы емес, тікелей қатысушы болып отыр.