ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ – ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ КЕПІЛІ

Мемлекеттік мекемелер мен еңбек ұжымдарына әлеуметтік қорған, әділетті еңбек қатынастарын қалыптастыру құралы ретінде кәсіподақ ұйымдарының маңызы артып келеді. Осы бағытта «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалы еңбек ұжымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, жаңа бастауыш ұйымдарды құру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Солардың бірі – Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты «Шымкент қаласының газ техникалық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өткен маңызды оқиға. Мамыр айында кәсіподақ өкілдері мен мекеме қызметкерлерінің қатысуымен өткен кездесудің нәтижесінде бұл мекемеде жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Кездесуге «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов, мекеме басшысы Айдар Бұралқиев және мекеме қызметкерлері қатысты. Еңбек заңнамасының талаптары, ұжымдық шарттың маңызы, кәсіподақ мүшелігінің құқықтық және әлеуметтік артықшылықтары жайында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесудің басты жетістігі – мекеме қызметкерлерінің жалпы жиналысында кәсіподақ ұйымын құру туралы бірауыздан шешім қабылдануы болды. 50-ге жуық қызметкер ұйымға толық құраммен мүше болып тіркелді. Бұл – ұжымның кәсіподақ институтына деген сенімінің, бірлігінің және ортақ мүдденің көрінісі. Жалпы жиналыс барысында кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде Дүйсенов Берік бірауыздан сайланды. Жаңа төраға ұжым атынан сенім білдірген әріптестеріне алғыс айтып, еңбек қатынастарын әділетті әрі тұрақты бағытта дамыту үшін бар күшін салуға уәде берді.
Жаңадан құрылған кәсіподақ ұйымының құрылуын заңдастыру және оның жұмысын нақты жолға қою мақсатында 2025–2030 жылдарға арналған өзара қарым-қатынастар жөніндегі келісім-шарт пен ұжымдық шартқа салтанатты түрде қол қойылды. Бұл маңызды құжаттарға «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов, мекеме директоры Айдар Бұралқиев, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Берік Дүйсенов қол қойып, үш тарап бір-біріне сенім артып, өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді. Ұжымдық шартта қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, жұмыс жағдайларын жақсарту, еңбек қауіпсіздігі, демалыс, марапаттау, көтермелеу сынды маңызды мәселелер қамтылған. Бұл бастама – тек кәсіподақ құру ғана емес, ұжымның әлеуметтік және құқықтық қорғалуының, дау-дамайсыз, әділетті еңбек қатынастарын орнықтырудың нақты қадамы. Мекеме ұжымының белсенділігі мен бірлігінің арқасында енді қызметкерлер өз құқықтары мен мүдделерін кәсіподақ арқылы жүйелі түрде қорғауға мүмкіндік алды.
«Шымкент қаласының газ техникалық қызметі» мекемесінде бастауыш кәсіподақ ұйымының құрылуы – қалалық деңгейде әлеуметтік әріптестіктің жаңаша үлгісі. Бұл оқиға – еңбек адамына құрметтің, ұжым ішіндегі сенім мен ынтымақтастықтың нығаюының белгісі. «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалы алдағы уақытта да жаңадан құрылған ұйымның жұмысына әдістемелік, құқықтық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп, оның тиімді әрі тұрақты дамуына жол ашпақ.