КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ ҮЗДІК МАМАНДЫ МАРАПАТТАДЫ

Еңбекке адалдық пен қоғамдық белсенділікті үйлестіріп, салада үлгі боларлық қызмет атқарып жүрген азаматтар әрдайым құрметке лайық. Сондай тұлғалардың бірі – «№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» дефектолог-мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнұр Орынбасарқызы Молдабекова.
Осы орайда, «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов және Түркістан облыстық филиалының төрайымы Күлдар Есебаева Гүлнұр ханымды мерейлі 50 жасымен құттықтап, оған «Еңбек озаты» төсбелгісін табыстап, арнайы сыйлық пен гүл шоғын тарту етті. Бұл марапат – оның кәсіби шеберлігіне, қоғамға сіңірген еңбегіне деген шынайы құрметтің белгісі. Гүлнұр Орынбасарқызы еңбек жолын 2007 жылы Жетісай қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы педагогикалық колледжінде психолог қызметінен бастаған. 2010 жылдан бері Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» дефектолог-мұғалім қызметін атқарып келеді. Бірінші санатты тәжірибелі маман ретінде, мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше қамқорлық көрсетіп, оларға сапалы білім мен тәрбиені ұштастыра беріп келеді. Оның кәсібіне деген сүйіспеншілігі мен адамгершілік қасиеті – ұжым ішіндегі сый-құрметтің басты себебі.
Гүлнұр Орынбасарқызы тек өз қызметімен ғана емес, қоғамдық жұмыстарда да ерекше белсенділік танытып келеді. Ол қазіргі таңда бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде ұйым жұмысын ұйымдастырып, еңбек ұжымының мүддесін қорғауда табысты қызмет етіп жүр. «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының Қалалық Кеңесінің және Атқару Комитетінің мүшесі ретінде аймақтық кәсіподақ жұмысына тікелей атсалысып келеді. Гүлнұр Молдабекованың еңбекқорлығының нәтижесінде Шымкент қалалық филиалы 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Тез дамып келе жатқан филиал» номинациясын жеңіп алды. Бұл жетістік – жергілікті бастауыш ұйымдардың белсенді еңбегінің, соның ішінде Гүлнұр ханымның қосқан үлесінің нәтижесі. 2024 жылғы 21 қарашада өткен «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының ІІ-есеп беру және сайлау конференциясында Гүлнұр Молдабекова республикалық XII съезге делегат болып сайланды. Бұл – оның республикалық деңгейдегі кәсіподақ жұмысына қатысу мүмкіндігіне ие болғанын және сенім артылғанын білдіреді.
Гүлнұр Молдабекова – кәсіби шеберлік пен қоғамдық белсенділіктің жарқын үлгісі. Оның еңбекке деген адалдығы, ерекше балаларға деген жанашырлығы мен кәсіподақ жұмысына қосқан үлесі – болашақ мамандар мен жас әріптестерге үлгі боларлық. «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалы мұндай тұлғаларды қолдауды жалғастырып, адал еңбек пен қоғамдық қызметтің қадірін арттыра бермек.