БІРЛЕСЕ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТЫҢ АРҚАСЫНДА МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ

34
0

Халықтың тұрмыстық мәселелеріне дер кезінде назар аудару – жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдардың басты міндеттерінің бірі. Бұл ретте «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері елмен етене байланыс орнатып, азаматтардың көкейіндегі мәселелердің шешілуіне дәнекер болып келеді.

Сол сияқты жуырда Ақжайық шағынауданының тұрғындары Қ.Төлеметова көшесінің бойында орналасқан №14 және №16 көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы балалар ойын алаңшасын жөндеу қажеттілігі туралы өтінішпен «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгінген болатын. Тұрғындардың өтінішін тыңдаған партия филиалының Атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, Абай ауданы әкімдігіне ресми түрде хабарланатынын жеткізді. Қоғамдық қабылдаулардың басты мақсаты да – осындай әлеуметтік түйткілдерге көпшіліктің назарын аударып, шешім табуға атсалысу. Партия мен аудан әкімдігі арасындағы өзара үйлесімді іс-әрекеттің нәтижесінде Қ.Төлеметова көшесі бойындағы аталған ойын алаңшасына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімінің аппараты тарапынан мамандар жіберіліп, алаңшадағы кемшіліктер мен қауіп тудыратын элементтер ретке келтірілді. Алаңның жабдықтары қалпына келтіріліп, балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалды. Ойын алаңшасының жаңартылғаны туралы хабарды қуанышпен қабылдаған тұрғындар партия филиалына және аудан әкімдігіне алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да мұндай бірлескен жұмыстың жалғасуына сенім білдірді. Алаңшада енді балалар еркін ойнап, ата-аналар да олардың қауіпсіздігіне алаңдамайтын болды.

Бұл жағдай «AMANAT» партиясының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты іске асырып отырғанын көрсетеді. Тұрғындар көтерген мәселе дер кезінде қабылданып, қысқа мерзімде шешім табуы – партия мен жергілікті биліктің халықпен етене жұмыс істей алатынын айқындай түседі. Ақжайық шағынауданындағы балалар ойын алаңшасының жөнделуі – бұл тек бір ауладағы мәселенің шешімі емес. Бұл – тұрғындардың үнін тыңдап, нақты іс-шаралармен жауап берудің үлгісі. Осындай серіктестік пен жауапкершілік аясында халықтың сенімі артып, өмір сапасы жақсаратыны сөзсіз. «AMANAT» партиясы мен Абай ауданы әкімдігі алдағы уақытта да тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастырады. Әрбір өтініш пен талап-тілек – елдің дамуына қосылған нақты үлес екенін ұмытпаған жөн.