Асқар МАМИН, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары: «ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ»
Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин іссапармен келді. А. Маминнің қаңтардың қақ ортасында көне қалаға ат ізін салуының ең басты мақсаты ондағы құрылыс жұмыстарының барысын бақылып, тиісті міндеттерді пысықтау болды.
Сапар барысында ол ең алдымен жаңадан бой көтеретін нысандардың құрылысты бастау барысымен танысты. Яғни, Астанадан келген жұмысшы топ қаланың сәулетін ашып, ажарын арттыра түсетін ғимараттарды салуға бар сайманын сайлап, тыңғылықты дайындалып отырған компаниялардың жұмысшыларымен жүздесіп, олардың еңбек жағдайына қанықты.
Бұдан соң Бірінші вице-премьерге аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласының бас жоспары бойынша 7,7 гектар аумаққа әкімшілік іскерлік-орталығы салынатынын, онда облыс әкімшілігі, басқармалар мен аумақтық департаменттер үйінің ғимараттары бой көтеретінін мәлімдеді. Сонымен қатар ол, ақпан айында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының тапсырысымен 1000 адамға лайықталған Конгресс орталық пен 1000 шаршы метрді құрайтын Оқушылар сарайының құрылысы бастау алатынын айтты.
Жұмыс барысы кезінде Астанадан келген Асқар Маминге 7 мың орынға шақталған стадионның құрылыс жұмыстары көрсетілді. Облыс орталығының келешектегі келбетіне ерекше көрік қосатын стадион алаңын «BI Group» ЖШС жүргізбек. Жобаны әзірлеген компания өкілдері спорт нысанының көлемі 33 286 шаршы метр болса, жалпы жобаның ауданы 6,4 гектарды қамтитынын жеткізді. Мұнан соң, А. Маминге Қожа Ахмет Яссауи музейінің құрылыс жұмыстары таныстырылды. Аталған мұражайдың мердігері «Базис-А» холдингі.
Бірінші вице-премьер қаңтар, ақпан айлары түгесілгеннен кейін қызған құрылыс алаңына айналатын аумақтарды аралап болған соң Түркістан облысы әкімдігінің мәжіліс залында облыс орталығын дамыту бойынша Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев және өзге де облыс басшыларының орынбасарлары, ұлттық компания өкілдері мен инвесторлар қатысқан келелі жиында болды.
Басқосуда сөз алған өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының Түркістан қаласын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың ау-жайын баяндады. Ол:
– Қазіргі таңда әкімшілік-іскерлік орталықта 672 гектар жерден 513 гектар жер мемлекеттік меншікке алынды. Олардың ішінде 48,4 гектар аумақта орналасқан бірінші кезекте салынуы тиіс 13 нысанды іске асыру үшін жер телімдері толығымен босатылды және 7 нысанның құрылысы басталды. Ал, 88 бес қабатты тұрғын үйлердің құрылысы бойынша (2724 пәтер, 200 мың шаршы метр) дайындық жұмыстары аяқталды. Тұрғын үй құрылысы «Түркістан ӘКК» қатысуымен жеке салушылар есебінен жүзеге асырылады. Бұдан өзге, әуежайдың құрылысы бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Азаматтық авиация комитеті, Қорғаныс министрлігі және «Казаэронавигация» АҚ мақұлдаған Түркістан қаласындағы әуежайды салу үшін 905,3 гектар жер телімі бөлініп отыр, – деді.
Елбасы тапсырмасының аясында республиканың әрбір облысы Түркістан қаласына бір ғимараттан салып, сыйға тартатыны туралы бұған дейін де айтылған болатын. Осы жиында өзге облыс пен қала басшылығы өкілдері өздеріне тапсырылған нысандардың құрылысы жөнінде хабардар етті. Мәселен, Алматы облысының әкімдігі «Жастар сарайы» ғимаратының құрылыс жұмыстарының басталғанын жеткізсе, Ақтөбе облысы «Әзірет Сұлтан» қорығында мәдени-демалыс нысандарын салмақ. Атырау облысы ашық аспан астындағы мәдени-тарихи мұражайдың бой көтеруін жолға қоймақ. Шығыс Қазақстан облысы әуенді субұрқақ салуды көздесе, Солтүстік Қазақстан облысы олимпиадалық резервті дайындайтын облыстық спорт мектебін тұрғызбақ. Жамбыл облысы «Әзірет Сұлтан» қорығына мәдени-тарихи Визит орталығын іске қосса, Батыс Қазақстан облысы Тарихи-киелі орындар орталығының құрылысын атқарады. Сондай-ақ, Қостанай облысы Қазақстан Халықтары Ассамблеясының ғимаратын, Қызылорда облысы Шығыс моншасын, Маңғыстау облысы Амфитеатрдың құрылысын көтермек. Елордамыз Астана қаласы – «Астана» алаңының, Алматы Медиа орталықтың, Шымкент қаласы Облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылысын жүзеге асырады.
Жиын соңында Асқар Мамин Елбасы тапсырмасы бойынша Түркістан қаласын дамыту үшін жауаптыларға құрылысты қарқындатуды тапсырды.
Бұл жиында Түркістан қаласында салынатын «Астана» алаңының, стадионның, Қожа Ахмет Ясауи музейінің, медиа-орталықтың, Конгресс орталық пен Оқушылар сарайының құрылыстары 2020 жылдың желтоқсанына дейін аяқталатыны мәлімделді. Ал облыс әкімшілігі, басқармалар мен аумақтық департаменттер үйінің ғимараттары бой көтеретін әкімшілік-іскерлік орталығы келер жылдың наурыз айында аяқталады деп жоспарланып отырғаны белгілі болды.
uakit.kz