ХАЛЫҚПЕН КЕРІ БАЙЛАНЫС – БИЛІК ЖҰМЫСЫНЫҢ ӨЗЕГІ

38
0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде ел көлемінде басқарудың жаңа сапалық деңгейіне көшуге негіз болуда. Бұл тұжырымдама билік пен қоғам арасындағы ашық диалогқа, азаматтардың ұсыныс-тілектеріне жедел әрі тиімді жауап беруге бағытталған. Шымкент қаласындағы Абай ауданы әкімдігі осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Солардың бірі – Абай ауданы әкімінің орынбасары Шамау Нұртастың азаматтарды жеке қабылдауы. Бұл қабылдау барысында аудан тұрғындары әлеуметтік көмек, инфрақұрылым мәселелері, тұрғын үй жағдайы, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау және басқа да маңызды тақырыптар бойынша өз өтініштері мен талап-тілектерін жеткізді. Қабылдау кезінде әр азаматтың көтерген мәселесіне жіті назар аударылып, тұрғындардың арыз-өтініштері назардан тыс қалмады. Нұртас Мейрамбекұлы мәселелерді сала-салаға бөліп, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл қадам – халықтың сөзі еленіп, нақты іске айналып жатқанын көрсетеді. Кейбір сұрақтар бойынша тұрғындарға заң аясында толыққанды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл – мемлекет пен азаматтар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, елдегі сенімді арттыруға бағытталған шаралардың бірі. Президент Тоқаев атап өткендей, халықпен ашық диалог – бұл биліктің қызметінің басты қағидаты болуы тиіс. Абай ауданында азаматтарды қабылдау ісі – осы қағидатты нақты іске асырудың жарқын мысалы. Мұндай жеке қабылдаулар мен қоғамдық кездесулердің арқасында әкімдік өкілдері нақты проблемаларды жергілікті жерде, дер кезінде анықтап, оларды шешу жолдарын бірге қарастыруда. Бұл тек әкімдік аппаратының жұмысына тиімділік беріп қана қоймай, тұрғындардың билікке деген сенімін нығайтады.

Абай ауданы әкімдігі тек қабылдаумен шектелмей, әрбір өтініш бойынша бақылау мен кері байланыс орнатып, нәтижелі жұмыс жүргізуге ұмтылуда. Бұл – тұжырымдаманың басты талабы: халықтың дауысы естілуі керек, ал айтылған мәселелер жай тыңдалмай, нақты шешімін табуы қажет. Мұндай форматтағы кездесулер әкімдік пен халық арасындағы байланыс арнасын кеңейтіп, жергілікті басқару жүйесін тиімді ете түседі. Әсіресе әлеуметтік әлсіз топ өкілдері, зейнеткерлер, көпбалалы аналар мен жастар өз сұрақтарын тікелей жеткізіп, қолдау алуға мүмкіндік алады. Абай ауданындағы азаматтарды жеке қабылдау – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын сәтті жүзеге асырудың бір көрінісі. Мұндай кездесулер тұрғындардың талап-тілектеріне уақытында жауап беруге, халықтың шынайы қажеттіліктерін ескеруге, ең бастысы – билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. Осылайша, Шымкент қаласында халыққа жақын, ашық әрі есеп беретін басқару жүйесі қалыптасып келеді. Ал бұл – мемлекет пен азаматтардың өзара құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтастығының нақты нәтижесі.