ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫНА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРМЕН ЖҮГІНДІ

Қазақстанда қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде елдің түрлі өңірлерінде нақты іске асырылып келеді. Бұл бағытта «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» партиялық жобасы азаматтардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізудің маңызды құралына айналды.
Жуырда Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Бақытжан Сейітжан осы жоба аясында тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдап, өзекті мәселелеріне құқықтық тұрғыдан жауап берді. Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындардың басым бөлігі денсаулық сақтау және әлеуметтік салаға қатысты өтініштерін жеткізді. Қабылдау барысында айтылған мәселелерге зер салсақ, көпшілігі медицина қызметінің сапасына, емхана мен дәрігерлердің қолжетімділігіне, сондай-ақ әлеуметтік көмек пен мүгедектік рәсімдеудің күрделілігіне байланысты болды. Бұл – жекелеген азаматтардың ғана емес, жалпы қоғамның жүйелі проблемаларын көрсететін маңызды индикатор. Мысалы, бір тұрғын қымбат медициналық қызметке қол жеткізе алмай жүргенін, енді бірі мүгедектік топқа шығу үшін қағазбастылықтан қиындық көріп отырғанын, тағы бірі әлеуметтік жәрдемақы алудағы бюрократиялық кедергілерді алға тартты. Мұндай кездесулер — қоғамдық санадағы түйткілдерді анықтап, мемлекеттік қызмет сапасына баға берудің нақты алаңы. Әрі қарай бұл мәселелер тиісті басқармалар мен органдарға жолданып, жүйелі түрде шешім табуға бағытталады. Қоғамдық қабылдау барысында кейбір мәселелер сол жерде шешімін тапты. Бұл депутат пен сала мамандарының тығыз жұмыс істеп, мәселеге жедел жауап бере алатынын көрсетеді. Ал терең талдауды қажет ететін сұрақтар арнайы хаттамаға енгізіліп, партияның бақылауына алынды. Бақытжан Сейітжан әрбір азаматтың шағымын мұқият тыңдап, нақты әрі түсінікті жауаптар беруге басымдық танытты. Бұл – халықтың сенімін оятатын маңызды фактор.
Қоғамдық қабылдауға келген азаматтар бұл шараға оң баға беріп, билікке өз сөзін тікелей жеткізу мүмкіндігі үшін алғыстарын білдірді. Бұл — халық пен жергілікті өкілді орган арасындағы тікелей диалог пен сенімді қатынастың қалыптасқанын көрсетеді. Егер мемлекеттік жүйе халықтың нақты сұрағына құлақ түріп, жауап бере алса, онда шынайы өзгерістерге жол ашылады. Биліктің ашықтығы мен азаматтардың белсенділігі елді дамытудың негізгі кепілі саналады. Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Бақытжан Сейітжанның қоғамдық қабылдауы – халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарамайтын өкілдің нағыз қызметі. Бұл қабылдау – мәселені айтатын орта бар, еститін билік бар деген сенімді бекіте түсті. Ал «Құқықтық көмек» жобасы – ел азаматтарының әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуіне дәнекер болып отырған нақты механизм. Мұндай бастамалар мемлекет пен халық арасындағы алшақтықты қысқартып, нақты сенім көпірін орнатады. Азамат үнін еститін мемлекет – тұрақты қоғамның негізі. Сондықтан мұндай қоғамдық қабылдаулар жүйелі жалғасып, елдің әрбір азаматына өз дауысын жеткізуге мүмкіндік бере бермек.