ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ – АГРОСАЛАНЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРУ ҚҰРАЛЫ

Түркістан облысында соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібі айтарлықтай қарқын алып келеді. Бұл салаға салынған инвестициялар, жаңа технологиялардың енгізілуі және өндірістік қуаты жоғары кәсіпорындардың іске қосылуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетіп, еңбек нарығына серпін беруде. Осы бағытта қолға алынған маңызды жобалардың бірі – Шардара индустриалды аймағында орналасқан “Казкрахмал” ЖШС жүгеріні терең өңдеу зауыты.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің Шардара ауданына жасаған жұмыс сапары аясында өңір басшысы аталмыш кәсіпорынның құрылыс барысымен танысып, жобаның мән-маңызы мен болашақ мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Агроөнеркәсіптік кешендегі терең өңдеу – Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық бағыттардың бірі. Әсіресе, шикізатты дайын өнімге дейін өңдеу арқылы қосылған құнды арттыру, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету және экспорт әлеуетін кеңейту – басты мақсаттардың қатарында. “Казкрахмал” зауыты осы үш бағытты да қамтиды. Жоба толық қуатына шыққанда жылына 150 мың тонна жүгері дақылын терең өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл көлем Қазақстандағы жүгері өндірісінің елеулі бөлігін қамтып қана қоймай, жаңа өнім түрлерін шығару арқылы ішкі нарыққа заманауи, технологиялық тұрғыда сапалы балама ұсынуға жол ашады. Зауыттың жалпы жер аумағы 35 гектарды құрайды. Бұл кең көлем – өндірістік, әкімшілік және әлеуметтік нысандарды толыққанды қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінде жобаға 35 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған. Мұндай көлемдегі инвестиция облыс көлеміндегі ірі өнеркәсіп жобаларының қатарында.
Зауытта өндірілетін өнімдер қатарында крахмал, глютен, жүгері сечкасы, крахмал сірнесі, мальтоза мен карамель сірнесі бар. Бұл өнімдер – тамақ, химия, фармацевтика және мал азығы өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Яғни, кәсіпорын тек ауыл шаруашылығына ғана емес, экономиканың түрлі секторларына қызмет ететін көпбейінді өндіріс алаңы ретінде ерекшеленеді. Қазіргі таңда зауыттың бірінші кезеңі – дәнді дақылдарды сақтау және кептіру қоймасы іске қосылып үлгерді. Ал негізгі өндірістік цех – крахмал сірнесін өңдеу зауыты биыл толық іске қосылады деп жоспарланған. Бұл кезеңде 500-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады, бұл Шардара ауданы үшін әлеуметтік маңызы зор көрсеткіш. “Казкрахмал” зауытының ерекшеліктерінің бірі – экспортқа бағытталған өндірістік стратегиясы. Кәсіпорынның өнімдері ішкі нарықпен қатар Ресей, Қытай, Бельгия және Англия секілді елдерге жөнелтілмек. Бұл бағыттағы экспорт желісі – Түркістан облысының шетелдік нарықтарға тікелей шығуына мүмкіндік беретін маңызды тетік. Бәсекеге қабілетті өнім, заманауи өндіріс технологиялары, логистикалық инфрақұрылымның жақсаруы – кәсіпорынның жаһандық нарықтағы орнына жол ашатын негізгі факторлар. Бұл ретте “Казкрахмал” жобасы – Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа экспорттық брендке айналуы әбден мүмкін.
Кәсіпорын құрылысы тек өндірістік кешенмен шектелмейді. Зауыт аумағында әкімшілік ғимарат, дайын өнім қоймалары, асхана және жұмысшыларға арналған жатақхана қарастырылған. Бұл – қызметкерлерге жайлы еңбек және тұрмыс жағдайын қалыптастыруға бағытталған заманауи тәсіл. Өндірісте 500-ден астам адамның тұрақты жұмыс істеуі – аудан экономикасына, халықтың әлеуметтік жағдайына оң ықпал ететіні анық. Зауытты аралау барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпорын жетекшілеріне құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, өндірістік үдерістерді сапалы әрі тиімді ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар, облыс әкімдігі тарапынан жобаны қолдау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері де басты назарда болатыны айтылды. Аймақ басшысы өндіріс саласын одан әрі дамытудың стратегиялық маңызын атап өтіп, осындай ауқымды жобалар арқылы Түркістан облысының экономикалық бейнесі түбегейлі өзгеретінін жеткізді.
“Казкрахмал” жобасы – Түркістан облысының индустриялық-инновациялық дамуының нақты көрінісі. Бұл кәсіпорын аймақтағы аграрлық шикізатты тиімді пайдалану арқылы өндіріс пен экспортты ұштастырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлік экономиканы әртараптандыруға зор үлес қосады. Алдағы уақытта зауыттың толық қуатқа шығуы Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі маңызды жетістіктердің біріне айналары сөзсіз.