ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ – ХАЛЫҚ МҮДДЕСІН ҚОРҒАУ ТЕТІГІ

Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты Тұран шағын ауданындағы «Адия» тұрғын үй кешеніндегі сапасыз құрылысқа байланысты туындаған мәселелер «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комиссиясының тікелей бақылауына алынды. Бұл — азаматтардың тұрмыстық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты әрекеттің көрінісі.
Партияның қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы кешенге арнайы барып, көшпелі жиын өткізді. Жиынға комиссия төрағасы Ғани Ташқараев, қалалық басқармалар мен аудан әкімдігінің өкілдері, мердігер мекеме мамандары, партия белсенділері және тұрғындар қатысты. Азаматтардың айтуынша, тұрғын үй кешенінде құрылыс сапасына қатысты бірқатар кемшіліктер анықталған. Осыдан бір ай бұрын тұрғындар тарапынан партияға арыз-шағым түсіп, алғашқы зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Тұрғындардың негізгі шағымдары — үйдің сыртқы қабырғалары сыланбаған, әрлеу жұмыстары аяқталмаған, кейбір пәтерлерде қабырғалар көгеріп, ылғалдан пайда болған зиянды орта қалыптасқан, кәріз жүйесі талапқа сай жүргізілмеген, салдарынан жағымсыз иіс тұрғындарға қолайсыздық туғызған. Бұл проблемалар тек пәтер иелерінің тұрмысына кері әсер етіп қоймай, азаматтардың денсаулығына, қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Жиын барысында «Адия Group» ЖШС директоры аталған кемшіліктердің бар екенін растап, оларды жоюға уәде берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда сыртқы жөндеу жұмыстары басталған, жақын күндері аяқталады. Кәріз жүйесі бойынша арнайы сараптама тағайындалып, нәтижесіне қарай нақты шешім қабылданатын болады. Мердігердің уәделері хаттамаға енгізіліп, орындалу барысы кезең-кезеңімен тексеріледі.
Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғани Ташқараев тұрғындармен кездесуде сапа мәселесі бойынша нақты ұстаным білдірді. «Бұл — ипотека арқылы алынған тұрғын үйлер. Азаматтар маңдай терімен тапқан ақшасына баспана сатып алып отыр. Сондықтан оның сапасы да соған сай болуы қажет. Біз уәделердің сапалы әрі уақытында орындалуын қамтамасыз етеміз» деді ол. Комиссия басшысы бұл мәселе толық шешілгенге дейін партия назарында қалатынын баса айтты. Сонымен қатар, қайта келіп, орындалу барысын тексеретінін да жеткізді. Кездесу кезінде тұрғындар үйге қатысты коммуналдық қызметтердің түгелдей мемлекеттік меншікке өтуін қалайтындарын жеткізді. Бұл — жеке басқарушы компанияларға деген сенімнің әлсіреуінен туындап отыр. Сала мамандары бұл мәселе қазіргі уақытта талқыланып жатқанын, тұрғындардың пікіріне сәйкес тиісті шешім қабылданатынын мәлімдеді. «Адия» тұрғын үй кешеніндегі жағдай — құрылыс сапасына қатысты қоғамдық бақылаудың қажеттілігін көрсететін айқын мысал. «AMANAT» партиясы өзіне жүктелген қоғамдық жауапкершілікті сезініп, мәселені жергілікті атқарушы билік пен мердігерлердің қатысуымен ашық диалог форматында шешуге күш салуда. Бұл — билік пен қоғам арасындағы кері байланыстың тиімді жұмысының көрінісі. Азаматтардың талап-тілегі партия арқылы жауапты мекемелерге жетіп, нақты нәтиже беруде. Тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау — кез келген мемлекеттік құрылым мен мердігер компанияның бірінші кезектегі міндеті екені тағы бір мәрте дәлелденді.