ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Соңғы жылдары Түркістан облысы мен оның орталығы – Түркістан қаласында урбанизация мен инфрақұрылымдық даму айтарлықтай қарқын алды. Бұл өзгерістердің басым бағыты – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Елді мекендерді заманауи талаптарға сай дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және баспаналы болуына мүмкіндік жасау – жергілікті биліктің басты назарында. Осы мақсатта Түркістан қаласы әкімдігі жүйелі жұмыстар жүргізіп, құрылыс саласының қарқынын айтарлықтай үдетіп отыр.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жақында қала аумағындағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысып, мердігерлермен кездесіп, жұмыс сапасына қатысты нақты тапсырмалар берді. Бұл аралау – тек бақылау емес, тұрғын үй саясатының қалай жүзеге асып жатқанын талдауға мүмкіндік беретін маңызды іс-шара болды. Бүгінгі таңда Түркістан қаласының аумағында жалпы саны 57 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 42-сі кредиттік негізде, яғни мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғындарға жеңілдетілген шартпен берілуі жоспарланған. Ал қалған 15 үй – әлеуметтік бағыттағы жобалар. Бұл үйлер, негізінен, халықтың әлеуметтік осал топтарын, жас отбасыларды, мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала өкілдерін баспанамен қамтуға арналған. Мемлекеттік және жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар – Түркістан қаласының тұрғын үй қорын едәуір ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, бұл бастамалар еңбек нарығына да оң ықпал етуде – құрылыс саласында жүздеген адам жұмыспен қамтылып отыр.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы аралау барысында бірнеше нысанға арнайы тоқталды. Соның ішінде Әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеріп жатқан «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылысы басты назарда болды. Бұл аумақтағы үйлер – қала көркіне көрік қосатын, архитектуралық келбеті заманауи кешендер ретінде салынуда. Сондай-ақ, «Отырар» шағын ауданындағы 5 қабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысы, «Интер» ЖШС тарапынан салынып жатқан жобалар және айналма жол бойында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлер де бақылаудан тыс қалмады. Әкім жұмыс сапасына, құрылыс қарқынына, техникалық талаптардың орындалуына, құрылыс алаңдарындағы еңбек қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. 2025 жылдың соңына дейін Түркістан қаласында жалпы көлемі 117 718 шаршы метрді құрайтын 37 тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталмақ. Бұл – 1982 пәтерді құрайтын үлкен көлемдегі тұрғын үй қоры. Бұл пәтерлер қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында кезекте тұрған азаматтарға «Отбасы банк» арқылы кезең-кезеңімен заң аясында беріледі. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың баспаналы болуы – қала әкімдігінің басты міндеттерінің бірі. Осыған орай әкімдік пен банк арасындағы өзара келісімдер, пәтерді заңды түрде табыстау рәсімдері, құжаттандыру және тұрғын үйге қоныстану үдерістері толыққанды реттеліп келеді.
Қаладағы тұрғын үй құрылысының жандануымен қатар, инженерлік инфрақұрылым, жол, жарық, газ, су жүйелері де бірге дамуда. Бұл үйлер толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда. Мұның барлығы Түркістанды тек тарихи-рухани емес, сонымен қатар заманауи, жайлы өмір сүруге қолайлы қала ретінде қалыптастыруға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, құрылыс сапасы қатаң бақыланып, мерзімдік кестеден кешігуге жол берілмеуі тиіс. Осы бағыттағы жұмыс күн сайын пысықталып, мердігерлермен тығыз байланыс орнатылған. Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан тұрғын үй құрылысы – өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор. Жаңа пәтерлер, қолжетімді баспана бағдарламалары, сапалы құрылыс – мұның бәрі халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын тауып, Түркістан халқы үшін заманауи және қауіпсіз баспаналар қолжетімді бола түсері сөзсіз.