МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Қазіргі таңда мемлекеттік басқару жүйесінде тұрғындармен тікелей қарым-қатынас орнату — билік жұмысының басты бағытына айналып отыр. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының практикалық көрінісі. Жергілікті деңгейде бұл қағидатты табысты іске асырып жүрген азаматтардың қатарында мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Балабаиев бар.
Ол жуырда «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Қабылдау ашық диалог форматында өтіп, азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін өзекті мәселелер талқыланды. Қабылдауға келген тұрғындар бірнеше маңызды мәселені көтерді. Атап айтқанда кәріз, жол, жарық, ауызсу секілді қажеттіліктер, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайы, кейбір шалғай аумақтарға автобус қатынасының жоқтығы немесе жеткіліксіздігі сынды түйткілдер айтылды. Бұл мәселелер – қала тұрғындарының күнделікті өміріндегі басты қиындықтар. Сондықтан оларды дер кезінде көтеру және шешу – депутаттық міндеттің маңызды бөлігі. Нұрсұлтан Балабаиев азаматтардың әрбір сұрағына қолданыстағы заңнама талаптары аясында нақты жауаптар беріп, көтерілген мәселелерді тиісті мекеме басшыларына жолдайтынын айтты. Бұл — мәслихат депутаттарының өз өкілеттігін тиімді пайдаланып, халықтың мұң-мұқтажын орындаушы органдарға жеткізу арқылы шешуге тырысатынын көрсетеді. Депутат қабылдау барысында ешбір мәселені назардан тыс қалдырмай, әр азаматқа жеке көңіл бөліп, қоғамдық сенімді нығайтудың нақты үлгісін көрсетті. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері – елімізде азаматтық қоғамды нығайту жолындағы маңызды құрал. Мұндай қабылдаулар арқылы тұрғындар тікелей депутатпен немесе партия өкілдерімен кездесіп, сұрағын ашық айтуға мүмкіндік алады. Бұл, бір жағынан, демократиялық үрдістерді ілгерілетсе, екінші жағынан, билік пен халық арасындағы кері байланысты нығайтады. Қабылдаудың нәтижесінде азаматтар тек көмекке үміт артып қана қоймай, мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне өз үлесін қосатын белсенді субъектке айналады.
Нұрсұлтан Балабаиевтің қоғамдық қабылдауы – депутаттардың халықпен етене жұмыс жүргізуге дайын екенін көрсететін жарқын мысал. Мұндай кездесулер әлеуметтік әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз етумен қатар, нақты мәселелердің шешілуіне жол ашады. Әрбір тұрғынның үні естілсе, әрбір мәселе назарға алынса – ол ел ішінде сенімнің нығаюына, қоғамдағы тұрақтылық пен жауапкершілік мәдениетінің қалыптасуына себеп болады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын берік ұстанған билік пен халық арасындағы осы секілді ашық әрі шынайы қарым-қатынастар Қазақстанның демократиялық даму жолындағы нақты қадамдарының бірі.