ТҮРКІСТАН ЖИҺАЗ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ ЖАҢА ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛУДА

31
0

Түркістан қаласы соңғы жылдары рухани және мәдени орталық болумен қатар, экономикалық өсімнің жаңа аймағына айналып келеді. Қала инфрақұрылымының жаңғыруы, мемлекеттік қолдау тетіктерінің белсенді іске асуы және жеке сектордың серпінді дамуы Түркістанды индустриялық өркендеудің жаңа сатысына шығарды. Әсіресе, жиһаз өнеркәсібі саласы бойынша Түркістан республика көлемінде алдыңғы қатарға шығып отыр.

Бұл бағыттағы жетістіктер – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмалары мен облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамаларының нақты нәтижесі. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының өндіріс орындарына жасаған кезекті сапары осы даму бағытының қарқынын көрсетті. Бүгінгі таңда Түркістан қаласы жиһаз өнеркәсібінің ауқымын кеңейтіп, отандық нарықпен қатар шетелге де өнім экспорттайтын қуатты өндірістік орталыққа айналды. Жыл сайын қалада жүздеген мың дана жиһаз өнімі өндіріліп, елдің ішкі қажеттілігін өтеп қана қоймай, Қазақстанның өзге өңірлеріне және көршілес мемлекеттерге жеткізіліп отыр. Бұл – кәсіпкерлердің тынымсыз еңбегі мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы көрсетілген қолдаудың нәтижесі. Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы жиһаз өндірісімен айналысатын жетекші кәсіпорындарды – «Идеал Туркестан» ЖШС, «LIDER GROUP» ЖК және «ASIA BREND» мекемелерін аралап, өндірістік үдерісті көзбен көріп, кәсіп иелерімен пікір алмасты.

«Идеал Туркестан» ЖШС» – қаладағы ең ірі жиһаз өндірушілердің бірі. Қазіргі таңда кәсіпорын жылына 200 000 дана дайын өнім шығарады. Бұл өндіріс ошағы 3 гектар аумақты алып жатыр және 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылдық қаржылық айналымы 1,8 миллиард теңгені құрайды. Өндірістік жабдықтары жаңартылған, технологиясы заманауи, өнімдері сапа мен дизайн тұрғысынан жоғары талаптарға сай. Ал «LIDER GROUP» ЖК – жылына 80 000 дана жиһаз шығаратын өндіріс орны. 0,55 гектар аумақта орналасқан кәсіпорында 60-70 қызметкер еңбек етеді. Жылдық қаржылық айналымы – 1,55 миллиард теңге. Компания өнімдері ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие, әсіресе мемлекеттік тапсырыстар мен коммерциялық мекемелер үшін жиі қолданылады. Бұдан бөлек, «ASIA BREND» мекемесі – 1,5 гектар өндірістік аймақта орналасқан, жылына 22 000 дана жиһаз өнімін өндіреді. Бұл кәсіпорында 150-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылдық айналымы – 1,1 миллиард теңге. Компанияның ерекшелігі – қолжетімді баға мен сапаның үйлесімін таба білуінде. Аталған кәсіпорындардың барлығы толық қуатта жұмыс істеп тұр. Бұл Түркістандағы өндірістік кластерлердің қалыптасып жатқанын және қаланың индустриялық әлеуеті тұрақты түрде артып келе жатқанын көрсетеді.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өндіріс орындарының жұмысын жоғары бағалап, олардың өңірлік экономикаға қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті. Ол кәсіпкерлермен кездесу барысында мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін тиімді пайдалану арқылы өндірісті кеңейту, экспорт көлемін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, әкім кәсіпкерлерге өнімді әртараптандыру, цифрлық технологияларды енгізу, өнім сапасын халықаралық стандарттарға сай ету мәселелерін де қозғады. Түркістан қаласының өндірістік дамуы тек сандық емес, сапалық көрсеткіштермен де алға жылжуы тиіс екені айтылды. Қала әкімдігі тарапынан инженерлік инфрақұрылым тарту, өндірістік аймақтарды дамыту, логистикалық қолжетімділік пен инвестициялық қолдаулар бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Түркістанның өндірістік аймақтары толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, жаңа кәсіпорындар ашуға қолайлы жағдай жасалуда. Бұл әрекеттер – Түркістан қаласының экономикасын әртараптандыру, жаңа табыс көздерін қалыптастыру және тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың бір бөлігі.

Түркістан қаласы бүгінде тек тарихи-рухани астана ғана емес, өндірістік өркендеудің де орталығына айналып келеді. Жиһаз өнеркәсібі бағытындағы жетістіктер – осының нақты дәлелі. Қалада жұмыс істеп тұрған ірі кәсіпорындардың табысы, жаңа өндіріс ошақтарының ашылуы және мемлекеттік қолдау шаралары Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде. Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасып, Түркістан Қазақстанның жетекші индустриялық қалаларының бірі ретінде орныға түсетініне сенім мол.