ҚЫТАЙ ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН ЖАҢА КЕЛІССӨЗДЕР БАСТАЛДЫ

33
0

Түркістан облысында индустриялық даму мен инвестиция тарту бағытында қарқынды қадамдар жасалуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру үшін шетелдік капиталды тартуға ерекше басымдық беріліп отыр. Осыған орай Төлеби ауданында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы нақты қадамдардың бірі – Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен өткен кездесулер.

Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың қытайлық инвесторлармен кездесуінде Төлеби ауданының инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылып, бірлесіп жұмыс істеудің жаңа көкжиектері айқындалды. Кездесу барысында аудан басшысы Ленгір қаласында кеңес дәуірінде жұмыс істеп, кейін тоқтап қалған бірқатар өндіріс нысандарын қайта іске қосу мүмкіндіктеріне тоқталды. Бұл кәсіпорындардың инфрақұрылымы, орналасқан жері және өндірістік қуаты әлеуетті инвесторлар үшін тартымды. Тоқтап қалған өндіріс ошақтарын қалпына келтіру – бұл, бір жағынан, тарихи өндіріс базасын жаңғырту, екінші жағынан, жаңа жұмыс орындарын ашу мен өңірлік экономиканы қайта жандандыру құралы. Еркеғали Амантайұлы аудан экономикасын әртараптандырудың басты жолы – кәсіпкерлік пен өндіріс саласын дамыту екенін атап өтті. Осы бағытта ауданда индустриалды аймақ пен өндірістік парк құрылыс жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Бұл жаңа нысандар шетелдік және отандық инвесторлар үшін арнайы дайындалған алаң ретінде ұсынылуда.

Аудан әкімінің айтуынша, инвесторларға инфрақұрылым жағынан толық қолдау көрсетілуде. Инженерлік жүйелер, жол, жарық, су мен газ тарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Сонымен қатар, ауданның еңбек нарығында білікті мамандар жеткілікті. Бұл – өндіріс орындары үшін маңызды факторлардың бірі. Шетелдік капиталға қолайлы орта қалыптастыруда әкімдік жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Төлеби ауданы – табиғи ресурстары мол, географиялық тұрғыдан қолайлы орналасқан, өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңір. Соңғы жылдары мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, тау-кен өндірісі, жеңіл өнеркәсіп бағытында бірқатар жобалар іске асуда. Сондықтан да шетелдік инвесторлармен жасалып жатқан әріптестік бұл үрдісті күшейтіп, өңірдің экономикалық дербестігін арттырады.

Кездесу барысында қытайлық кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы мен кен өндіру салаларында бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылық танытты. Әсіресе, шахта кен орындарының әлеуеті мен оның нарықтағы сұранысы назарларына ілікті. Олар нақты нысандармен танысып, өндірісті жаңғырту жолдарын талдауға ниетті екенін білдірді. Бұл тараптар арасында нақты инвестициялық жобалар бойынша жұмыс басталуы мүмкін екенін аңғартады. Қытай тарапы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және экспортқа шығару мүмкіндігіне үлкен мән береді. Осы орайда, Төлеби ауданының егіншілік пен мал шаруашылығына бейімділігі, таза экологиясы мен логистикалық мүмкіндіктері маңызды артықшылық ретінде ұсынылды.

Төлеби ауданында Қытай инвесторларымен өткен келіссөздер – өңірдің экономикалық даму стратегиясындағы маңызды кезеңдердің бірі. Бұл кездесулер Төлеби ауданының өндірістік және инвестициялық әлеуетін арттырумен қатар, халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Шетелдік капитал мен жергілікті инфрақұрылымның ұштасуы – тек экономикалық өсім ғана емес, әлеуметтік тұрақтылық пен жұмыс орындарының көбеюіне жол ашады. Мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау, әкімдік пен кәсіпкерлер арасындағы тиімді диалог нәтижесінде өңірге жаңа тыныс берілуі әбден мүмкін. Төлеби – өндірістік әлеуетін қайта жаңғыртып келе жатқан өңір. Ал бұл үдерістің алдыңғы шебінде инвесторлармен сенімді серіктестік пен ашықтыққа негізделген жұмыс тұрғаны сөзсіз.