ТУРИЗМ МЕН ИНВЕСТИЦИЯ – САРЫАҒАШТЫҢ БОЛАШАҒЫ

2025 жылдың 1 тамызында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен кеңейтілген мәжіліс өткізді. Жиынға облыстық басқарма басшылары, аудан әкімдігі, ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары мен өзге де жауапты тұлғалар қатысты. Мәжілісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен оны жақсарту бағытындағы маңызды мәселелер талқыланды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде Сарыағаштың әлеуетіне ерекше тоқталып, ауданның облыс үшін стратегиялық маңызы бар ірі аймақ екенін атап өтті. Халық санының көптігі, еңбекке қабілетті жастардың үлесі жоғары болуы – Сарыағашты экономикалық серпін беретін орталыққа айналдыруда маңызды рөл атқарады. Әкім туризм саласындағы мүмкіндіктерді толық пайдаланудың, инвестиция тарту мен өзіндік кірістерді арттырудың маңыздылығын баса айтты. Сонымен қатар аудан орталығы мен ауылдардағы тазалық, көгалдандыру жұмыстары, жол жөндеу мен коммуналдық қызметтердің сапасы күн тәртібінен түспеуі тиіс екенін ескертті. «Сарыағаш – облысымыздың ірі әрі әлеуеті жоғары аудандарының бірі. Біз бұл өңірге жанашырлықпен қарап, күнделікті жүйелі ізденіспен жұмыс істеуіміз керек. Өндіріс орындарын ашу мен өзіндік кірістерді арттыру мәселесі үнемі бақылауда болады», – деді Нұралхан Көшеров. Мәжіліс барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау, көлік инфрақұрылымы, ауыз су және табиғи газбен қамту мәселелері кеңінен қозғалды. Облыс басшысы аталған салалар бойынша жүргізіліп жатқан жобалардың сапалы әрі уақтылы орындалуы қажет екенін ескертті. Ол сонымен қатар жоспарды орындамаған ауылдық округ әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына сын-ескертпелер беріп, жұмысты ширата түсуді тапсырды. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Сарыағашта жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалар жайында баяндама жасап, негізгі бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарды ортаға салды. Сондай-ақ облыстық басқарма басшылары ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін саралап, өз салаларындағы кемшіліктер мен жоспарлар жайында мәлімет берді.
Жиын барысында Сарыағаш ауданының 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы экономикалық көрсеткіштері де жария етілді. Атап айтқанда, ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 141,5 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі (НКИ) 135 пайызды құраған. Бұл – өңірлік дамудың айқын көрінісі. Ауыл шаруашылығы саласында 51,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ 118,1 пайыз деңгейіне жетті. Инвестиция тарту жұмыстары да оң нәтиже беруде. Алты ай ішінде аудан экономикасына 31 млрд теңге инвестиция тартылған. Өнеркәсіп саласында 15,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл салада да өсім тіркеліп отыр. Жиын соңында аудан активі облыс әкімінің тапсырмаларын толық қолдайтындықтарын жеткізіп, Сарыағаштың дамуына үлес қосуға дайын екендерін білдірді. Мәжіліс қорытындысы бойынша барлық ұсыныстар мен тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, орындалуы облыс әкімі аппаратының тікелей бақылауына алынатын болды. Сарыағаш ауданы – халқы тығыз қоныстанған, туризм мен ауыл шаруашылығында зор әлеуетке ие өңір. Облыс әкімінің бұл сапары аудандағы түйткілді мәселелерге нақты шешімдер қабылдауға және даму қарқынын арттыруға бағытталды. Ендігі мақсат – берілген тапсырмаларды сапалы әрі мерзімінде орындап, Сарыағашты өңірлік дамудың флагманына айналдыру.