Колледждегі мерекелік кеш

278
0

Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жұмысы— үнемі жетілдіру мен жаңғыртуды талап ететіні белгілі. Жастардың бойындағы патриоттық сезім мен ұлттық рухты оята білу, ата-бабамыздан қалған ұлы мұралар мен салт-дәстүрімізді олардың бойына сіңіре білу— ұстаздардың басты мақсаты екені даусыз. Әбілхан Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжінде өткен «Қош келдің, Наурыз!» атты әдеби-сазды кеш тақырыбы осы саланы қамтып өтті.
Тақырыпқа тереңірек үңілсек, Наурыз — қазақ халқының жаңа күн мерекесі болып саналады. Елімізде тұрып жатқан жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдеріне ортақ мерекеге орайластырылған кеш барысында оқушыларға Ұлыстың Ұлы күні туралы толық мағлұматтар беріліп, оларды адамгершілікке, парасаттылыққа, отансүйгіштікке, салт-дәстүрді дәріптеуге баулу кештің көрігін қыздыра түсті. Мерекеге сай безендірілген сахна ұлттық тағамдармен көмкерілді. Сахнаның оң жағына қазан-ошақ орнатылған соң, керней үні кернеп, көрермен алдына шыққан төрт жаршы жиналғандарды мерекемен жыр шумақтары арқылы құттықтап, есіктен кірген әз Наурызға нақыштап өлеңмен шашу шашты. Айнабек Жұлдызайдың орындауындағы «Сарыжайлау» әні жұртшылықтың құлақ құрышын қандырса, «Шық бермес Шығайбай бай» туралы көрініс те қазанын көрінген кісіден қызғанатын байдың қулығы мен сұмдығын, іштарлығы ашып көрсетілді. Ел  ұлы мерекені жеті түрлі қоспадан ас әзірлеп, жұртқа таратып, жаңа жылға салауат айтып тойлап жатқанда қазандағы асын қызғанып, қырдағы қойын ойлап, көрсеқызарлықпен өмір сүрген байдың сол уақыттағы өмірі сахна сәнін ашып, жұртшылыққа әжуа болған байдың бет-бейнесін оқушылар әдемі суреттей білді. Қасиетті Қарашаш ана ролі де сомдалып, онда татулық пен ымыраның мейрамы— Наурыз күні тай қазаннан дәм татқан әрбір адам бір-біріне деген араздықтан арылып достасу керектігі, наурыз көже ішкен адам жыл бойына бәле-жаладан аулақ болатындығы туралы айтылған асыл сөздер оқушылар мен кешке қатысушыларға байыпты ой салды. Наурыз көжеге қосылатын жеті тағамның қасиеті кеш барысында өткен «Қыз бен жігіт» айтысының танымдық тақырыбы болды. Қазақ көзін ашқалы ырым мен нанымға сеніп, болашағын бағдарлай білген халық. Бүгінгі күнге ауыз әдебиеті арқылы жеткен ұлы тарихи тұлғаларымыздың артында қалған өсиет сөздері ел аузында жатқа айтылады. Айтыс соңынан сахнаға көтерілген оқушы Қарашаш анадан соң, Қыдыр ата болып ақ батасын берді. Өзге шәкірттер Ойсыл қара, Қамбар ата, Зеңгі баба, Шопан ата  болып төрт түлік малдың қасиетін жырлады. Көлемі ауқымды көрініс халқымыздың ежелгі тарихынан сыр шертіп, колледж оқушыларының орындауындағы «Қазақ елі» әнімен әрленіп, арты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Расын айту керек, қазақ топырағында туылған қайсібір ұлт өкілі болмасын, қазақ тіліне деген құрметін аяған емес. Ұлты өзге болғанымен, қазақ тілінде мүлтіксіз сайрайтын Светлана мен Шухраттың жүргізуіндегі концерттік бағдарлама келген жұртшылықтың көңілінен шықты. Егемендігіміздің 22 жылдығы қарсаңында өткен мерекелік кештен оқу ордасының оқушылары мен ұжымы, келген қонақтар зор әсермен шықты. Кешке арнайы шақырылған Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Пайзахметов Абдухаһар, «Самал» бастауыш партия ұйымының төрағасы Михеев Берікбай, №3 колледж директоры Шілібаев Нұрлан, «Нұр Отан» ХДП Абай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сейдуалиев Тұрлыбай, Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және саз колледжінің директоры Ниязов Айдар Наурыз мерекесіне орайластырылып атқарылған іс-шара жұмыстары үшін оқушыларға,  осы істің басы-қасында ашық тәрбие сабағын ұйымдастырып өткізген қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы, бөлім меңгерушісі Кереубаева Жанат Ерболқызына алғыстарын білдіріп, ақ пейілді тілектерін жеткізді. Мұндай мәдени шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Венера Қабылбекова.