Табиғат тарту еткен ерекше сый

349
0

 «Сенің  денеңнің қуаты- өсімдіктің  шырынында»  деп медицинасы  ілгері   дамыған Қытай елінің дәрігері  Шин Нон  бекер  айтпаса керек. Өсімдіктің  емдік  қасиеті адам баласына  ертеден белгілі. Дәрілердің  барлығы дерлік  өсімдіктерден алынады. Әйгілі ғалым және  дәрігер Ибн Сина  700-ге  жуық  өсімдіктердің емдік қасиеті бар екенін анықтаған. Осыдан-ақ емдік қасиеті бар өсімдіктерді халық өте  ерте заманнан қолдана бастағанын  аңғаруға болады.
Өсімдіктерден алынған  дәрілік  препараттар  химиялық  жолмен  алынған дәрілерге  қарағанда  адам ағзасындағы  жасушалардың  құрамына біртабан  жақын. Дәрілік өсімдіктерді  жүрек, қан-тамыр, тыныс  жолдары мүшелеріне,  бауыр,өт жолдарына, ұйқы безі ауруына, тірек-қимыл мүшелерінің  ауруына, ішкі секреция бездері жүйесінің  ауруына, аллергиялы  балалар ауруына, тері  ауруларына қолданады. Кейбір дәрілік  өсімдіктерге күнделікті  тұрмыста  кездестіріп жүрген: долана,бақбақ, итмұрын, шаңқурай, киікоты,т.б. жатады. Қазіргі  кезде Қазақстанда  өсетін 100-ден  астам  дәрілік өсімдік  түрлері, олардың биологиялық қасиеттерін «Қазақстанның физикалық  географиясы» мен «Өсімдіктану» пәндерінен «Дәрілік өсімдіктер және  олардың  адам өміріндегі маңызы» тақырыбында  кіріктірілген сабақ өткізуге  немесе үйірме  жұмыстарында  толығырақ  беруге  болады. Бұл сабақтарда  дәрілік өсімдіктермен өмірді  тікелей  байланыстырып, оқушыларды шөп қайнатпаларын дайындаудың қарапайым жолдарын үйренуге, оны тиімді пайдалана  білуге баулу, адамгершілікке, парасаттылыққа, табиғатты қорғауға   тәрбиелеу  және еңбекке, мамандыққа бағдарлау мақсаттары жүзеге асырылады.
«Біз  — Ақарыста  тұрамыз!»,- дейді мақтаныш сезімін жасыра  алмаған  бүлдіршіндер. Олар 9-сынып оқушылары. Өйткені, олар жас зерттеушілер.   Оқушылар  менің жетекшілігімен  жергілікті  жерде өсетін өсімдіктерді жан-жақты зерттейді, олардың дәрумендік қасиеттеріне  көбірек мән беруге тырысады.Жақында жас зерттеушілер оқушылар мен мұғалімдердің  алдында  есеп берді. Есеп беру сабағы өте  қызықты өтті. Сабақты «Ауылым» әнімен ашқан Тұңышбек Зеренің өнеріне көпшілік риза болды.
Ауылымызда өсетін дәрілік  өсімдіктерді әр оқушы жеке-жеке бөліп алып, зерттеген. Адыраспан, бақбақ, қызылбас жоңышқа, жолжелкен, түймедақ, жалбыз адам өміріне, денсаулығына өте пайдалы, халықтық медицинада кең қолданылады.
Бұл сынып- мектебіміздегі ерекше сынып. Ерекшелігі -оқушылардың дені- өнерлі, ақындыққа бет бұрған өрендер. Туған жеріне  деген сүйіспеншілігін олар жыр жолдарына арқау етіп жүреді.
Сабақтың тартымдылығын арттыруда жергілікті өлкетану материалдарын тиімді пайдалану жолдарын игеру- әсіресе  жас мұғалімдер үшін қажетті жайт. Мұғалім сабақтың тақырыбына орай оқушыларға таратылатын дәрілік өсімдіктердің немесе алдын ала кептірілгенін немесе көктей күйінде дайындағанын сабаққа кіргізгені жөн. Сабақ кезінде өсімдік тіршілігіндегі құбылыстарды немесе олардың морфологиялық (құрылыс) ерекшеліктерін бақылауларына болады.
Өзіндік жұмыс түрлерінің бірі- зертханалық жұмыстар. Бақылау және тәжірибе жүргізу- зертханалық жұмыстың негізі. Бұл тәсіл танымжорық және  өсімдіктанудан үй тапсырмасын орындау кезінде кеңінен қолданылады.

Жанар ОҢҒАРБЕЕВА, Бәйдібек атындағы мектептің биология пәні мұғалімі.
Сайрам ауданы.