МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІН ШЕШІП БЕРДІ

23
0

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өткен кезекті қабылдау халыққа нақты көмек көрсетудің айқын үлгісіне айналды. Бұл жолы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған – мәслихат депутаты, партия фракциясының жетекшісі Бақытжан Позилов.

Қабылдау барысында азаматтар түрлі әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін ортаға салды. Өтініштердің басым бөлігі баспана, жұмысқа орналасу және әлеуметтік көмек алу бағытында болды. Әсіресе, табысы төмен, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтағы азаматтардың жанайқайы ерекше назарға алынды. Мәселен, Қарасу шағын ауданының көпбалалы тұрғыны күнкөріс қиындығын ашық айтып, отбасын қамтамасыз етудің ауырлығын жеткізді. Бұл жағдайды мұқият тыңдаған Бақытжан Позилов азаматшаның 4 баласына жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтарды өз қаражаты есебінен алып берді. Мұндай жедел әрі шынайы көмек тұрғын тарапынан алғысқа бөленді. Сонымен қатар, қабылдау кезінде І топ мүгедек қызына ұзақ уақыттан бері жұмыс таба алмай жүргенін айтқан тағы бір анаға да көмек көрсетілді. Депутат мәселені сол сәтте шешу үшін қызымен байланысып, №2 қалалық ауруханаға жұмысқа келуін тікелей сұрады. Бұл жедел әрекет партияның формалды шаралармен шектелмей, нақты нәтижеге жұмыс істейтінін көрсетті. Кездесу барысында тұрғындар арасында жиі көтерілген тағы бір мәселе – баспанаға қол жеткізу. Бұл тақырыпта Бақытжан Позилов заң талаптарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, кезектен тыс немесе заңсыз жолмен үй алу мүмкін еместігін атап өтті. Ол баспананы алу үшін электронды кезекке тұрудың және барлық рәсімдерді заң аясында өткізудің маңызын түсіндірді.

Осындай қоғамдық қабылдаулардың басты мақсаты – халықпен тікелей байланыс орнату, олардың өміріндегі өзекті мәселелерді есту және мүмкіндігінше жедел шешу. Бұл тұрғыда «AMANAT» партиясының және оның мәслихаттағы өкілдерінің рөлі айрықша. Олар тек заңнамалық деңгейде жұмыс істеп қана қоймай, әрбір азаматтың жеке жағдайына бей-жай қарамай, нақты қолдау көрсетуге дайын екендігін іс жүзінде дәлелдеуде. Бақытжан Позиловтың қабылдауы – партияның әлеуметтік жауапкершілік қағидатын берік ұстанатынын, ал тұрғындармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатудың қоғам үшін маңызды екенін тағы бір мәрте айқындап берді. Осындай форматтағы кездесулердің тұрақты түрде өтуі – халықтың билік пен партияға деген сенімін арттыратын маңызды қадам. Ең бастысы, бұл шаралар тек өтініштерді қабылдап қана қоймай, шынайы көмектің көрсетілуімен құнды. Халықтың мәселесін сол сәтте шешуге тырысатын, қажет болса, жеке қаражатын да жұмсаудан тартынбайтын халық қалаулыларының болуы – әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдағы өзара сенімнің нығаюына үлес қосады. Демек «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары – тек есеп үшін жасалатын шара емес, нағыз проблемаларды шешудің және әрбір азаматтың мұң-мұқтажын тыңдап, әрекет етудің тиімді алаңы. Бұл үрдістің жалғасуы Шымкент тұрғындары үшін ғана емес, жалпы ел үшін оң әсерін тигізбек.