СӘУЛЕ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

24
0

Шымкент қаласының Сәуле шағын ауданында өткен кездесуде тұрғындар көтерген мәселелер жергілікті басқару жүйесінің халықпен тығыз байланыс орнатудағы маңызын тағы бір дәлелдеді. Кездесуге қалалық мәслихат депутаты Төреайым Сұлтанова, «AMANAT» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы Наргиза Керимбаева және филиалдың атқарушы хатшысы Ердәулет Жүнісбек қатысып, азаматтардың өтініш-тілектерін тікелей тыңдады.

Жиын барысында сөз болған ең өзекті тақырыптардың бірі — жер учаскелерінің құжаттандырылуы. Бұл мәселе тұрғындардың заңды меншік құқығын рәсімдеуіне, демек инфрақұрылымдық жобаларға қол жеткізуіне тікелей әсер етеді. Құжат мәселесі шешілмеген жағдайда, жол, жарық, су, газ секілді негізгі инженерлік желілерді тарту да қиындық туғызады. Сондықтан бұл бағытта жүйелі қадамдар жасау қажеттігі анық көрінді. Инфрақұрылымның жеткіліксіздігі де тұрғындар үшін басты алаңдаушылықтың бірі болып отыр. Әсіресе, қоғамдық көлік қатынасының реттелмеуі, көшелердің абаттандырылмауы күнделікті тұрмыс сапасына кері әсер етуде. Кейбір көшелерде жаяу жүргіншілерге арналған баспалдақтың болмауы адамдардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын шектейді. Бұл мәселе әсіресе қарт адамдар мен балалар үшін маңызды. Ойын алаңшасының жоқтығы да балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, дене белсенділігін арттыруына кедергі келтіріп отыр. Қауіпсіз әрі сапалы жабдықталған алаңқайлар тек ойын орны ғана емес, балалардың әлеуметтік ортада дамуына мүмкіндік беретін маңызды инфрақұрылым элементі. Кездесудің тағы бір маңызды қыры — тұрғындардың ұсыныстарының тікелей жауапты органдарға жеткізілетіні және олардың орындалуы бақылауда болатыны туралы айтылған уәде. Бұл — «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі. Яғни, мәселе тек тыңдалу деңгейінде қалмай, шешу жолдары да қарастырылатыны — тұрғындар мен билік арасындағы сенімді нығайтады.

Сәуле шағын ауданында айтылған мәселелер тек бір аймақтың ғана проблемасы емес, ол — қаланың дамуындағы ортақ үрдістердің көрінісі. Инфрақұрылымның кешенді дамуы, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі және тұрғындардың құқықтық мәселелерін шешу — бұл бағытта жүйелі жоспар мен нақты орындау механизмін талап етеді. Осындай кездесулердің тұрақты өткізілуі, әрбір ұсыныстың орындалу деңгейінің ашық жариялануы азаматтардың жергілікті басқару ісіне сенімін арттырып қана қоймай, олардың қала өміріне белсенді араласуына жол ашады. Бұл өз кезегінде қаланың тұрақты әрі теңгерімді дамуына негіз болады.