АГРАРЛЫҚ САЛА АЛҒА ЖЫЛЖЫП КЕЛЕДІ

38
0

Түркістан облысы – Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытуда көш бастап тұрған өңірлердің бірі. Биыл облыстағы егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артып, 907 мың гектарға жетті. Бұл – аграрлық саланың жаңа серпін алғанын көрсететін айқын көрсеткіш. Әсіресе дәнді дақылдар 341 мың гектарға, майлы дақылдар 73 мың гектарға, көкөніс пен картоп 55,9 мың гектарға, бақша өнімдері 61,6 мың гектарға егілген. Ал мақта көлемі 145 мың гектарға дейін ұлғайып, 38 мың гектарға артуы ерекше назар аударарлық. Мұндай өсім, ең алдымен, жаңа су үнемдеу технологияларын енгізудің арқасында мүмкін болды.

Бұл мәліметтер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жарияланды. Әкімнің айтуынша, ауыл шаруашылығын дамытуда Мемлекет басшысының тапсырмалары уақытылы орындалуы тиіс. Әсіресе субсидия алған шаруалардың жұмысына тұрақты мониторинг жүргізу, 2025 жылға бекітілген индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев баяндамасында дала жұмыстарына қажетті барлық ресурстар дер кезінде жеткізілгенін атап өтті. Жиын-терім науқаны үшін 38 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, шаруаларға таратылуда. Сонымен қатар 1106 жаңа техника сатып алынып, техникалық парк 6 пайызға жаңарды. Бұл – ауыл шаруашылығының өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, еңбек өнімділігін еселейтін маңызды қадам. Минералды тыңайтқыштар мәселесінде де ілгерілеу бар. Облысқа 206 мың тонна тыңайтқыш жеткізілсе, соның 101 мың тоннасына мемлекет тарапынан субсидия төленді. Мұндай қолдау фермерлердің шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Жиналған өнімнің көлемі де көңіл қуантады. Астықты ору науқаны 100 пайызға аяқталып, гектар түсімділігі орта есеппен 12 центнерді құрап, 337 мың тонна дән жиналды. Бұдан бөлек, 9 мың тонна мақсары, 791 мың тонна көкөніс, 1,1 миллион тонна бақша дақылдары, 234 мың тонна картоп өнімдері жиналды. Мал азығы да жеткілікті деңгейде қамтылуда: жоспардағы 5,2 миллион тоннаның 3,9 миллион тоннасы әзірленіп қойған. Су тапшылығы жыл сайын өзекті болып отырған өңір үшін су үнемдеу технологиялары аса маңызды. Биыл жоспар бойынша 27 мың гектарға енгізілуі тиіс технологиялар 59 мың гектар алқапта іске асырылды. Бұл – тек жоспарды асыра орындау емес, сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдаланудың нақты нәтижесі.

Түркістан облысының климаты жылыжай шаруашылығына қолайлы екені белгілі. Бүгінде облыстағы жылыжайлардың көлемі 1715 гектарға жетіп отыр. Биылдың алғашқы айналымында 102 мың тонна көкөніс жиналған. Жылыжай шаруашылығын қолдауға былтыр 3,8 миллиард теңге бөлінсе, биылғы қолдау көлемі 4,4 миллиард теңгеге дейін өсті. Бұл – облыстың экспорттық әлеуетін арттыруға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды инвестиция. Сонымен қатар қарқынды бау шаруашылығы да дамып келеді. Биыл 181 гектарға жаңа бау салынып, жалпы көлемі 3,3 мың гектарға жетті. 2027 жылға дейін бұл көрсеткішті 8,2 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Мұндай ауқымды жоспарлар Түркістанды алдағы жылдары елдегі жеміс-жидек өндірісінің жетекші орталығына айналдыруы әбден мүмкін. Мал шаруашылығы саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Бүгінде республика бойынша экспортқа шығарылатын ірі қара етінің 80 пайызы мен қой етінің 75 пайызы Түркістан облысының үлесінде. Биылғы жеті айдың өзінде 20,8 мың тонна ірі қара еті және 13,4 мың тонна қой еті экспортталды. Бұл көрсеткіштер өңірдің ет экспорты бойынша стратегиялық орталыққа айналғанын айғақтайды. Ет өндірісін арттыру мақсатында құны 51,3 миллиард теңгеге тең жеті ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың нәтижесінде жылына қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, экспорт көлемі екі есеге өседі деп күтілуде. Сонымен бірге, 134 миллиард теңгеге бағаланған 29 жоба жүзеге асырылып, 1456 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 56,7 миллиард теңгеге 17 жоба іске қосылып, 626 адам жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы 77,3 миллиард теңгеге 12 жоба іске асырылмақ.

Жалпы, Түркістан облысының ауыл шаруашылығында атқарылып жатқан жұмыстар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарып отыр. Бір жағынан, жаңа технологияларды енгізу арқылы өнім көлемі мен сапасы артып, екінші жағынан, әлеуметтік маңызы зор жаңа жұмыс орындары ашылуда. Мұның барлығы өңірдің экономикалық тұрақтылығы мен тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді.