КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРДЫҢ АТАУЛАРЫНА ҚАТЫСТЫ ЗЕРДЕЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

70
0
Шымкент қаласындағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған 23 тұрғын алаптардағы кәсіпкерлік нысандарына Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы талаптарының сақталуына қоғамдық бақылау және зерделеу жұмыстары жүргізілуде.
Осы орайда, бекітілген кестеге сәйкес, қалаға қарасты Абай ауданы бойынша этнос өкілдері тығыз шоғырланған тұрғын алаптарда, атап айтқанда: Бозарық, Қатынкөпір, Қызылжар, Қайнарбұлақ, Тұрлан, Ынтымақ, Ынтымақ — 2 , Әл-Фараби ауданы бойынша Ескі қала шағын ауданындағы кәсіпкерлік нысан иелеріне, барлығы 216 кәсіпкерлік нысандарына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының «Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» КММ және қалаға қарасты бес аудан әкімдіктерінің қызметкерлерінен патрульдік топ құрылған. Топ тарапынан қолданыстағы заң талаптарын сақтамаған 117 кәсіпкерлік нысандардың иелеріне арнайы парақшалар таратылып, ескертулер берілді. Қолданыстағы заңның тиісті дәрежеде сақталуына бағытталған жұмыстар жалғасуда.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте қалалық ассамблея 8 жоғары, 22 орта арнаулы оқу орындарымен екіжақты меморандум түзіп, соның аясында мегаполистегі этнос жастарына мемлекеттік тілді оқыту жобасын іске асырып келеді. Тіл үйретудің тиімді практикалық әдістерін қолданып, жастарды оқытып-үйретіп жүрген қалалық «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының» оқытушысы А.Оспанованың айтуынша, шымкенттік этнос жастарының басым бөлігі қазақ тілін түсінеді. Бірақ ойын айтудан және еркін сөйлеуден қысылады. «Курсқа қатысушылардың көбі күнделікті қолданатын мемлекеттік тілдегі қарапайым сөздерді түсінеді. Мәселе – тыңдаушылардың өз ойын қазақша жеткізуінде болып тұр. Қазіргі таңда грамматикадан бұрын өз ойларын мемлекеттік тілде айту кезінде пайда болатын жағымсыз стереотиптер мен уақытша кедергілерді азайту бағытында жұмыс істеп жатырмыз» дейді тіл оқыту курсының оқытушысы А.Оспанова.