2023 ЖЫЛЫ ЖАҢАДАН 39 414 ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 230700 азаматты құрайды. Азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсетудің 13 түрі бойынша қызметтер көрсетілуде. Бұл туралы Шымкент қаласының ақпараттық коммуникациялық қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Өнербаев Бахтияр Әлтайұлы айтты.
2023 жылыдың 1 жарты жылында жаңадан тағайындалған зейнетақы мен жәрдемақылардың және қайта қаралған төлемдердің саны – 69302 құрады. Оның ішінде, 39414 жаңадан тағайындалса, 29888 төлем қайта қаралған. Есеп беру кезеңінде 11 өтініш бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден және 332 мемлекеттік кепілдік төлеуден бас тартылды. Зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылып, есеп беру кезеңiнде мемлекеттiк қызмет көрсету мерзiмдерiн бұзу және заңсыз тағайындалған төлемдер жоқ. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексінің нормаларын және Мемлекет басшысының жәрдемақы көлемін ұлғайту туралы тапсырмасын орындау мақсатында, 2023 жылдың 1 шілдесінен мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың көлемін арттыру қарастырылған. Осыған байланысты, 2023 жылғы 1 шілдесінен Әлеуметтік Кодекске сәйкес, 64037 мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушының жәрдемақылары арттырылды. Айта кету керек, 2023 жылғы шілде айындағы мәлімет бойынша Шымкент қаласында мүгедектігі бар 40597 адам тіркелген, бұл қала тұрғындарының 3,3% -ын құрайды. Оның ішінде мүгедектігі бар 32899 ересек адам, 7698 бала мүгедектердің орталықтандырылған базасында есепке тұрады. Қала бойынша мүгедектігі бар ересек тұлғаларды ауру нозологиясы бойынша талдау төмендегі жағдайды көрсетіп отыр: бірінші орында, жүрек–қан тамыр аурулары бойынша мүгедек деп танылған адамдар – 6365; екінші орында психикалық аурулар бойынша мүгедектік – 4586 адамда; үшінші орында жарақаттар салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар саны – 3756; төртінші орында жүйке жүйесінің ауруларымен мүгедектік алған – 3189 адам; бесінші орында көз ауруларынан болған мүгедектігі бар – 2732 адам тіркелген.