САУРАН АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБА БАСТАУ АЛДЫ

Түркістан облысының Сауран ауданында әлеуметтік жаңашылдыққа жол ашатын ерекше бастама жүзеге асырылды. Жергілікті билік қолға алған «Әлеуметтік бақша» жобасы аз қамтылған отбасыларды қолдауға, тұрғындарды өзін-өзі жұмыспен қамтуға ынталандыруға бағытталған. Бұл бастама ауылдық өңірлердің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдағы өзара қолдау мәдениетін дамытуға үлес қосуда.
Жобаның басты ерекшелігі – арнайы әлеуметтік дүкендердің ашылуы. Мұнда зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар мен өзге де әлеуметтік осал топ өкілдері өздері өсірген немесе дайындаған өнімдерін сату мүмкіндігіне ие болады. Ең бастысы – дүкендер тегін пайдалануға беріледі. Бұл қадам мұқтаж жандардың өз еңбегінің арқасында табыс табуына жағдай жасап, әлеуметтік әділеттілікті нығайтады. Сауда орындарының сөрелерінде жаңа піскен көкөністер мен жемістер, сүт өнімдері, үйде дайындалған тағамдар және табиғи өнімдер ұсынылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл жобаны айрықша қолдап отыр. Жұмыс сапары кезінде ол дүкендерді аралап, тұрғындармен тілдесті, ұсынылған өнімдер мен сауда шарттарымен танысты. Әкімнің айтуынша, мұндай бастамалар ауылдық жерлердің тұрақты дамуы үшін айрықша маңызды. «Бұл – жай ғана сауда орны емес, өмірдің қиын жағдайларына қарамастан өз еңбегімен табыс табуға ұмтылатын адамдарды қолдайтын алаң. Жоба облыстың басқа аудандарына да үлгі болады» деді өңір басшысы. Әлеуметтік дүкендердің ашылуы тек әлеуметтік қолдау тетігі ғана емес, ауыл шаруашылығын дамытуға да серпін береді. Тұрғындар өз бақшаларында өндірген өнімін сату арқылы табыс табады, ал тұтынушылар экологиялық таза, табиғи тағамға қол жеткізеді. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің де бір жолы. Сонымен қатар, жоба аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімді бағамен ұсынылған арнайы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда жергілікті шаруашылықтардың экологиялық таза өнімдері сатылымға шықты. Әсіресе мемлекеттік грант алып, кәсіпкерлікке қадам басқан жастардың өнімдері ерекше назарға ілікті. Бұл ауыл жастарының бизнеске бет бұрып, өз кәсібін ашуға деген ынтасын арттырады. Демек, «Әлеуметтік бақша» тек әлеуметтік жоба ғана емес, ауылдық кәсіпкерлікті дамытудың да тиімді тетігі болып отыр.
Жоба қоғам тарапынан оң бағасын алды. Әлеуметтік дүкендер мен жәрмеңкелердің арқасында халық күнделікті тұтынатын өнімдерді қолжетімді бағамен сатып ала алады. Сонымен бірге жергілікті өндірушілер үшін тұрақты нарық қалыптасады. Бұл – ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және олардың тұрмыс сапасын жақсартуға зор мүмкіндік. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобаларды облыстың басқа аудандарында да жүзеге асыру – әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттырады. Себебі ауылдық жерлерде өзін-өзі жұмыспен қамту әлеуеті өте жоғары. Көптеген отбасылар өз шаруашылығында көкөніс, жеміс-жидек немесе мал өнімдерін өндіреді. Егер оларды өткізуге қолайлы жағдай жасалса, тұрғындардың табысы көбейіп қана қоймай, өңірдің азық-түлік нарығы да сапалы отандық өнімдермен толығады. Түркістан облысы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық бастамаларды жүзеге асыруда көш бастап келеді. «Әлеуметтік бақша» соның айқын дәлелі. Бұл жоба аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетумен қатар, ауыл халқының еңбекке деген ынтасын арттырып, қоғамдағы әлеуметтік теңдікті нығайтуға бағытталған. Қорытындылай келгенде, Сауран ауданында бастау алған бұл бастама ауылдық жерлердің дамуына тың серпін бермек. Ол тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, ауыл экономикасын да жандандырады. Алдағы уақытта жоба облыстың басқа аудандарына таралса, Түркістан өңіріндегі әлеуметтік саясаттың тиімді үлгісіне айналары сөзсіз.