ТІЛДЕР МЕРЕКЕСІ АПТАЛЫҒЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА ӨТТІ

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл мереке еліміздегі әрбір азамат үшін ерекше мәнге ие. Себебі тіл – ұлттың жаны, мәдениеттің алтын қазығы, елдіктің басты нышаны. Осындай мерекеге орай білім беру мекемелерінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, оқушыларға туған тілдің қадір-қасиеті түсіндіріліп келеді. Солардың бірі – «Тіл байлығы – ой байлығы» апталығы аясында өткен «Менің жүрегім – қазақ тілі» атты эссе жазу байқауы.
Аталған байқауды қазақ, ағылшын және орыс тілі пән бірлестіктерінің мұғалімдері бірлесіп ұйымдастырды. 2025 жылдың 9 қыркүйегінде өткізілген бұл шараға 5-11-сынып оқушылары қатысты. Әр оқушы өз жүрегіндегі ойды ақ қағаз бетіне түсіріп, туған тіліне деген шынайы сезімін білдіруге мүмкіндік алды. Эссе байқауының негізгі мақсаты – шәкірттердің ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, қазақ тілінің мәртебесін көтеру және оны қастерлеуге тәрбиелеу. Сонымен қатар, жас ұрпақ санасына тілдің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, рухани құндылық әрі ұлт болашағының кепілі екендігін ұғындыру көзделді. Мұндай іс-шаралар жас буынды тіл мәдениетін дамытуға, сауатты жазуға, ойын жүйелі жеткізуге баулиды. Әрі оқушының шығармашылық қабілетін шыңдап, өз ой-пікірін еркін білдіруге мүмкіндік береді. «Менің жүрегім – қазақ тілі» тақырыбы оқушыларды терең ойға жетеледі. Олар қазақ тілін жүректерімен қабылдап, өзінің өміріндегі орны мен маңызын шығармашылық тұрғыдан суреттеп берді. Әр шығармада оқушының ұлттық сана-сезімі, тілге деген құрметі мен махаббаты анық байқалды. Кейбір эсселерде қазақ тілінің тарихи тағдыры, оны сақтап қалудағы ұлы тұлғалардың еңбегі сөз болса, енді бірінде туған тілдің қазіргі қоғамдағы орны мен болашақтағы маңызы туралы ойлар қозғалды. Бұл – жас ұрпақтың тілге тек тұрмыстық құрал ретінде емес, ұлттық рухани мұра ретінде қарай алатынын көрсетті. Қазақ тілі – сан ғасырлық тарихы бар, халықтың жан дүниесін, болмысын, мәдениетін бойына сіңірген қазына. Ол – ұлтты біріктіретін күш, болашақты айқындайтын темірқазық. Эссе байқауы барысында оқушылар тілдің осы қасиеттеріне тоқталып, оны қорғаудың әрбір азаматтың парызы екенін ерекше атап өтті. «Тіл байлығы – ой байлығы» деген халық даналығы дәл осы шарада өз көрінісін тапты. Себебі сөз өнерін меңгерген жас ұрпақтың ойлау қабілеті де дамиды. Ал тілге құрметпен қараған қоғам ешқашан рухани жұтамайды.
Бұл байқауды ұйымдастыруда пән бірлестігі мұғалімдерінің еңбегі зор. Олар оқушыларға бағыт-бағдар беріп қана қоймай, тілге деген сүйіспеншілікті шығармашылықпен ұштастырудың үлгісін көрсетті. Байқау нәтижесінде оқушылардың қазақ тіліне деген махаббаты артып, өз ойын еркін жеткізу дағдылары нығайды. Сондай-ақ, көпшілік алдында шығармашылық еңбегін қорғап, өзіндік көзқарасын білдіруге үйренді. Бұл – олардың тіл мәдениетінің дамуына, рухани дүниесінің толысуына жасалған үлкен қадам. «Менің жүрегім – қазақ тілі» эссе байқауы – тіл мерекесінің мәнін ашып, жас ұрпақты ана тіліне құрметпен қарауға баулыған тағылымды шара болды. Қазақ тілі – ұлттың жүрегі, халықтың айнасы. Оны қастерлеу, қорғау – әрбір азаматтың борышы. Оқушылардың жүрекжарды шығармалары тілдің мәңгілік құндылық екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Мұндай шаралар болашақта да жалғасын тауып, жас буынның бойында тілге деген сүйіспеншілікті арттыра бермек.