«ТАЗА ҚАЛА» ЖАЛПЫ ҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІГІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

Шымкент қаласында дәстүрге айналған «Таза қала» жалпы қалалық сенбілігі биыл да жоғары деңгейде өтті. Бұл шараның басты мақсаты – мегаполисте экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қаланы көркейту, тұрғындар арасында қоршаған ортаға жанашырлықты насихаттау және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету. Жалпы сенбілікке қаладағы бес аудан түгел қамтылып, тұрғындар, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, басқармалар, коммуналдық қызмет өкілдері және түрлі ұйымдардың өкілдері белсене атсалысты. Қаланың әр аумағында санитарлық тазалау, көгалдандыру, қоқыс алаңдарын ретке келтіру, аулаларды абаттандыру жұмыстары кешенді түрде жүргізілді.
Абай ауданында ұйымдастырылған сенбілікке 2450-ден астам адам қатысты. Қатысушылар қураған ағаштар мен бұтақтарды кесіп, шөп шапты, жолдарды жуып, қоқыс алаңдарын ретке келтірді. Аулаларда сырлау және абаттандыру жұмыстары жасалды. Іс-шараға 53 арнайы техника тартылып, нәтижесінде 96 тонна қоқыс шығарылды. Әл-Фараби ауданында сенбілік жұмыстарына 1109 қызметкер мен 26 арнайы техника жұмылдырылды. Аудан аумағында көшелер мен тротуарлар тазаланып, шөптер шабылды, бұтақтар кесілді, аулалар ретке келтірілді. Нәтижесінде 34,5 тонна қалдық арнайы орындарға шығарылды. Еңбекші ауданының тұрғындары мен қызметкерлері де тазалық жұмыстарына белсенді қатысты. Мұнда 779 адам және 41 техника жұмылдырылып, қоғамдық орындар мен аулаларда санитарлық тазалау, көгалдандыру, шөп шабу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 16,7 тонна қоқыс жиналды. Қаратау ауданындағы сенбілікке 820 адам қатысып, 35 арнайы техника пайдаланылды. Тұрмыстық және табиғи қалдықтар жиналып, көшелер мен қоғамдық аумақтар ретке келтірілді. Аудан көлемінде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 47,8 тонна қоқыс шығарылды. Тұран ауданында 830 адам сенбілікке атсалысып, 39 арнайы техника қолданылды. Қоғамдық кеңістіктерде тазалық жұмыстары жүргізіліп, көгал аумақтар абаттандырылды. Бұл ауданнан 23 тонна қалдық арнайы орындарға жеткізілді.
Жалпы алғанда, сенбілікке қала бойынша шамамен 5990 адам, 194 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 218 тоннадан астам тұрмыстық және табиғи қалдықтар жиналып, қала аумағы тазартылды. Бұл шара «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында өткізілді. Ол тек санитарлық жағдайды жақсартумен шектелмей, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімін қалыптастыруға ықпал етті. Шымкент қаласы тұрғындарының белсенділігі мен ұйымшылдығы олардың жоғары азаматтық жауапкершілігін көрсетті. «Таза қала» сенбілігі – тек тазалық пен тәртіптің көрінісі ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы бірлік пен ортақ іске жұмылудың айқын үлгісі. Мұндай бастамалар экологиялық жағдайды жақсартумен қатар, тұрғындардың туған қаласына деген сүйіспеншілігін арттырып, жастарға үлгі болары сөзсіз.