ЖЕТІ ҚАЛАҒА ТІКЕЛЕЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕ РЕЙСТЕРІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Туризм саласын дамыту Қазақстан экономикасының стратегиялық бағыттарының бірі болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында жергілікті атқарушы органдарға туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуды қатаң тапсырғаны бекер емес. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында нақты нәтижесін бере бастады. Жуырда халықаралық Шымкент әуежайынан Еуропа мен Азияның бірнеше қаласына тікелей рейстер ашылып, өңірдің көлік және туризм саласына жаңа серпін берілді.
Жаңа әуе бағыттары Мажарстан, Германия, Корея, Қытай және Египет мемлекеттерін қамтиды. Алғашқы рейстер Мюнхен және Будапешт қалаларына орын алды. Бұл оқиға Шымкенттің халықаралық көлік әлеуетін арттырып қана қоймай, қалаға келетін шетелдік туристердің санын көбейтуге жол ашады. Әуе қатынасының кеңеюі туристер үшін ыңғайлы жағдай жасап, өңірдің инвестициялық тартымдылығын да арттырады. SCAT әуекомпаниясының қазіргі әуе паркі де айтарлықтай мүмкіндіктерге ие. 37 әуе кемесінің 22-сі ішкі бағыттарда тұрақты қызмет көрсетсе, қалған 15 ұшақ халықаралық рейстерді орындайды. Бұл Қазақстан авиациясының өсіп келе жатқанын және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуға талпынып жатқанын көрсетеді. Шымкент әуежайының жаңа бағыттары осы үрдіске сәйкес келеді. Тікелей рейстердің пайдасы тек қала тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін зор. Бұған дейін шетелге бару үшін Алматы немесе Астана арқылы ұшуға мәжбүр болған жолаушылар енді уақытын үнемдеп, тікелей сапарға шыға алады. Бұл азаматтардың шығынын азайтып қана қоймай, туристік ағымның да артуына ықпал етеді. Өйткені ыңғайлы логистика – туризмді дамытудың негізгі шарттарының бірі. Сонымен қатар, жаңа бағыттардың ашылуы жергілікті туризм бизнесіне тың серпін береді. Қонақүйлер, мейрамханалар, экскурсиялық компаниялар және көлік қызметтері шетелдік туристерге сапалы қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне көтерілуге ұмтылатын болады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құрып, қала экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, әуе қатынасы кеңейген сайын аймақтың туристік және іскерлік байланыстары күшейеді. Шымкенттің географиялық орналасуы да ерекше артықшылықтарға ие. Ол Орталық Азиядағы ірі сауда және мәдени орталықтардың біріне айналу әлеуетіне ие. Жаңа рейстер осы мүмкіндікті толыққанды пайдалануға жол ашпақ. Әрине, бұл бастама инфрақұрылымдық қолдауды да қажет етеді. Әуежай қызметін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, туристер үшін қолайлы жағдай жасау, визалық рәсімдерді жеңілдету сияқты шаралар жүйелі түрде жүзеге асуы тиіс. Президенттің Жолдауындағы міндеттердің бірі де осы – жергілікті биліктің туризм инфрақұрылымына жан-жақты көңіл бөлуі. Қорытындылай келе, Шымкент әуежайынан жаңа халықаралық бағыттардың ашылуы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін стратегиялық қадам. Бұл бастама қалаға туристерді тартумен қатар, халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, Шымкенттің әлемдік деңгейдегі заманауи мегаполиске айналуына мүмкіндік береді. Туризмді дамытудың жаңа кезеңі басталды деуге толық негіз бар.