АБАЙ АУДАНЫНДА АБАТТАНДЫРУ МЕН КӨГАЛДАНДЫРУ КҮШ АЛЫП КЕЛЕДІ

Шымкент қаласына қарасты Абай ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бастама тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, олардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Аталған жобаларға 1,9 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, әлеуметтік маңызы зор бірқатар нысандар іске қосылды.
Атап айтқанда, аудан аумағында 16 жаңа ойын алаңшасы, 3 спорт алаңшасы және 5 гүлзар салынды. Сонымен қатар, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы жүріп-тұруы үшін 34 мың шаршы метр аяқжол төселді. Бұл тек инфрақұрылымдық жаңғырту ғана емес, аудан халқының тұрмысын жеңілдететін, балалар мен жастардың уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайтын нақты қолдау шаралары болып отыр. Көгалдандыру мәселесі де басты назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде 5 жаңа гүлзардың құрылысы жүргізілсе, олардың кейбірі тұрғындардың игілігіне берілді. Сонымен бірге «Асар» шағын ауданындағы тозығы жеткен 4 гүлзар қайта жаңартылуда. Жаңа гүлзарлар мен жасыл аймақтар экологиялық жағдайды жақсартуға ғана емес, тұрғындардың серуендеп, демалатын сүйікті орындарына айналары сөзсіз. Бұл – мегаполис үшін ауа сапасын сақтап, қала ортасын жасылдандыруға қосылған үлкен үлес. Аудан аумағында тазалық пен тәртіпті сақтау да жүйелі қолға алынған. Жыл басынан бері 37 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 30 мыңнан астам адам қатысқан. Қоғамдық жұмыстарға тұрғындардың осындай белсенді қатысуы жергілікті экологиялық ахуалды жақсартуға айтарлықтай әсер етіп отыр. Сенбіліктер тек қоқыс жинау шарасы ғана емес, сонымен бірге экологиялық мәдениетті қалыптастырудың тиімді құралы екені анық байқалады.
Балалардың алаңсыз әрі қауіпсіз ортада өсуі үшін ойын алаңшаларын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Жыл басынан бері 63 ескі ойын алаңшасының 45-і жаңартылып, заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Бұл балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Қалған ойын алаңшалары да кезең-кезеңімен жаңартылып, барлық тұрғын алаптарында қолайлы жағдай жасалмақ. Жалпы алғанда, Абай ауданында атқарылып жатқан бұл жұмыстар «Халық қатысатын бюджет» жобасының тиімділігін дәлелдей түседі. Тұрғындар өздері ұсынған бастамалардың жүзеге асқанын көріп, жергілікті билікке деген сенімі артып отыр. Әлеуметтік нысандардың көбеюі, көгалдандырудың күшеюі және балаларға арналған алаңшалардың жаңаруы – бұл аудандағы өмір сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды өзгерістер. Алдағы уақытта да мұндай жобалардың жалғасын табуы Абай ауданының ғана емес, жалпы Шымкент қаласының даму қарқынын арттырып, тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруға сеп болмақ.