ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ КӨТЕРГЕН ТҮЙТКІЛДІҢ ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛДЫ

Қазіргі таңда қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – азаматтардың өмір қауіпсіздігі мен тұрғылықты аумақтардың жай-күйін жақсарту. Осы бағытта «AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалы халық пен билік арасындағы маңызды көпір рөлін атқарып келеді. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен әрбір өтініш – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамға айналып отыр.
Жуырда партияның Тұран аудандық филиалына Марат есімді қала тұрғыны Бауыржан Момышұлы көшесі №4 үйдің ауласында орналасқан ағаштың құлау қаупі бар екенін айтып, көмек сұраған болатын. Ағаштың апатты жағдайда болуы – тұрғындардың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіретін жайт. Әсіресе, соңғы жылдары климаттық өзгерістер мен қатты желдің жиілеуі осындай жағдайлардың салдарын күшейтіп отыр. Мәселенің маңыздылығын түсінген партия өкілдері азаматтың өтінішіне бірден назар аударып, жедел әрекет етті. Тұран аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Есімхан Қалмаханұлы тұрғынның шағымын назарға алып, оны дереу аудан әкімдігіне жеткізді. Бұл – партияның халықпен кері байланыс орнатудағы жауапкершілігін және нақты іс жүзінде әрекет ететінін көрсетеді. Партияның бастамасымен Тұран ауданының коммуналдық қызмет мамандары көрсетілген мекенжайға барып, жағдайды тексеріп, апатты жағдайда тұрған ағашты ретке келтірді. Тұрғындардың өтініші дер кезінде орындалып, ықтимал қауіптің алдын алу мүмкін болды. Бұл әрекет партия мен жергілікті билік арасындағы тиімді ынтымақтастықтың нақты үлгісі ретінде бағалануға лайық. Аталған жағдай бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, оның астарында қоғамдағы үлкен әлеуметтік мән жатыр. Себебі мұндай жедел шешілген мәселелер – тұрғындардың билікке деген сенімін нығайтатын, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен қамқорлық мәдениетін қалыптастыратын факторлар. «AMANAT» партиясының басты ұстанымы да – халықтың үнін есту, нақты проблемаларды шешу және әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету.
Тұрғындардың өтініштеріне уақытылы жауап беру – партияның жүйелі түрде жолға қойған жұмыс форматының нәтижесі. Бұл бағытта Тұран аудандық филиалы үнемі азаматтардың өтініштерін тыңдап, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста әрекет етіп келеді. Әсіресе, тұрмыс сапасына әсер ететін инфрақұрылымдық және экологиялық сипаттағы мәселелерге ерекше назар аударылуда. Мұндай жағдайлар қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін арттырып қана қоймай, халықтың партияға деген сенімін де күшейтеді. Себебі азаматтар өздерінің шағымдары елеусіз қалмай, нақты нәтиже беріп жатқанын көріп отыр. Бұл – «AMANAT» партиясының жергілікті деңгейде тиімді әлеуметтік серіктестік орнатудағы табысының бір көрінісі.