ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК – ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЛДАУ

AMANAT партиясы халықпен тікелей жұмыс істеуді басты назарда ұстап келеді. Соның бір дәлелі ретінде Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» жобасы аясында өткен кезекті қабылдауды айтуға болады. Бұл шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға қолдау көрсету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және күнделікті өмірде жиі туындайтын даулы мәселелердің шешімін табуға көмектесу.
Қабылдауға «Zangerler Palatasi» заң консультанты Нұрлан Мырзабай мен Шымкент қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Бауыржан Мархабаев қатысып, тұрғындардың арыз-шағымдарын тыңдады. Тәжірибелі мамандардың болуы қабылдауға келген азаматтарға нақты құқықтық кеңес алу мүмкіндігін жасады. Бұл, ең алдымен, халықтың заңға деген сенімін арттыруға және құқықтық мәдениетті дамытуға жол ашады. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің ауқымы кең болды. Несиені төлеу кезінде туындайтын қиындықтар, жер дауы, газға қосылу және оның сапасына қатысты түйткілдер, көпбалалы отбасы мәртебесін алу кезіндегі рәсімдердің күрделілігі мен алаяқтық фактілеріне байланысты өтініштер қаралды. Әрбір мәселе – халықтың күнделікті өмірінде кездесетін өткір проблемалардың айғағы. Несиелік міндеттемелерге байланысты сұрақтар қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Азаматтардың көпшілігі қаржы институттарымен жұмыс істегенде заңдық құқықтарын толық білмейді. Соның салдарынан несие рәсімдеуде немесе төлем жасауда түрлі қиындықтар туындайды. Қабылдау кезінде заңгерлер қарыз алушыларға құқықтық тұрғыда кеңес беріп, олардың заңды мүддесін қорғау жолдарын түсіндірді.
Жер және газ мәселелері де азаматтардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін фактор. Жер дауы көбіне құжаттардың дұрыс рәсімделмеуінен немесе жергілікті органдардың бюрократиялық кедергілерінен туындайды. Газдандыру мәселесі де елді мекендердегі инфрақұрылымдық дамумен тығыз байланысты. Мұндай түйткілдердің заң аясында шешілуіне партия жанындағы қабылдаулар ықпал етеді. Көпбалалы отбасы мәртебесін алу рәсіміндегі кедергілер де қабылдау барысында көтерілді. Бұл әлеуметтік саясаттың тиімділігін айқындайтын маңызды индикатор. Әрбір көпбалалы отбасының құқығы заңмен қорғалуы тиіс, ал рәсімдердің күрделілігі халықты әуре-сарсаңға салмауы қажет. Заңгерлер азаматтарға тиісті құжаттарды жинақтау мен рәсімдеудің нақты жолдарын көрсетті. Алаяқтық фактілеріне қатысты өтініштердің болуы – құқық қорғау органдары мен қоғам үшін алаңдатарлық жайт. Мұндай жағдайлар азаматтардың құқықтық сауатының төмендігінен немесе сенгіштігінен жиі кездеседі. Сондықтан құқықтық көмек беру арқылы халыққа сақтық шараларын түсіндіру – аса қажет қадам. AMANAT партиясының бастамасымен ұйымдастырылып жатқан қабылдаулардың ерекшелігі – халықтың мәселесін қағаз жүзінде жинап қана қоймай, оны шешу жолдарын заң аясында түсіндіріп, нақты нәтижеге қол жеткізуге ұмтылуында. Бұл партияның қоғам алдындағы жауапкершілігін көрсетеді.