ТҰРАН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ

«AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен кезекті қабылдау барысында Тұран ауданы әкімінің орынбасары Асылжан Дәулетханұлы жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдап, оларды шешу жолдарын талқылады. Қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – азаматтардың өтініштерін уақытылы қарап, тиісті мекемелер арқылы жедел әрекет ету, сондай-ақ тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату болды.
Қабылдауға келген азаматтар негізінен тұрғын үй кезегіне қатысты сұрақтарын қойып, өздерінің кезекте жылжуы, құжаттарды рәсімдеу тәртібі, қолданыстағы бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері жөнінде кеңес алды. Тұрғын үй мәселесі – аудан халқы арасында ең көп көтерілетін тақырыптардың бірі болғандықтан, кездесуде бұл бағыттағы жұмыс барысы кеңінен түсіндірілді. Әкімдік өкілдері қолданыстағы заңнамаларға сәйкес кезек жүргізу тәртібінің ашық және автоматтандырылған түрде жүзеге асатынын атап өтті. Сонымен қатар азаматтар Айқап көшесінде жүргізіліп жатқан кәріз жүйесінің құрылысына қатысты шағымдар мен ойларын жеткізді. Әсіресе, құрылыс мерзіміне, уақытша қолайсыздықтарға және жолдың жабылуына байланысты мәселелер талқыланды. Асылжан Дәулетханұлы аталған нысанның аудан үшін маңыздылығын түсіндіре отырып, құрылыс жұмыстарының кезең-кезеңімен жоспарға сай орындалатынын, туындаған уақытша қолайсыздықтардың толық жойылатынын атап өтті. Сонымен бірге мердігер компанияларға тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар мен шағымдарды назарға алу жөнінде тапсырма берілетінін жеткізді. Қабылдау барысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың сатылуына қатысты сұрақтар да қозғалды. Атап айтқанда, бағаның тұрақтылығы, негізгі азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігі, жалғызбасты және әлеуметтік осал топтарға арналған жеңілдіктер мәселелері қаралды. Әкім орынбасары бұл бағытта аудан бойынша тұрақтандыру шаралары қабылданып жатқанын, әлеуметтік дүкендердің жұмысы тұрақты бақылауда екенін және баға мониторингінің үздіксіз жүргізілетінін айтты.
Әрбір тұрғынның сауалы бойынша Асылжан Дәулетханұлы жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар беріп, мәселелердің орындалу барысы тұрақты бақылауға алынатынын атап өтті. Тұрғындар тарапынан көтерілген барлық өтініштер тіркеліп, олардың шешілуіне қажетті шаралар қабылданатыны мәлімденді. Қоғамдық қабылдау тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы тиімді диалогтың қалыптасуына, азаматтардың мәселелерін шиеленістірмей дер кезінде шешуге мүмкіндік беретін маңызды алаң ретінде өз тиімділігін көрсетуде. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да мұндай кездесулерді жүйелі түрде өткізіп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырмақ.


