БАЛАЛАР АЛАҢШАЛАРЫ МЕН ГҮЛЗАРЛАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Қала мәдениеті мен тұрғындардың өмір сүру сапасы ең алдымен абаттандыру жұмыстарының деңгейімен өлшенеді. Соңғы жылдары Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі – Қаратау ауданында бұл бағытта ауқымды істер қолға алынды. Жергілікті билік пен тұрғындардың өзара ынтымақтастығы нәтижесінде қоғамдық кеңістіктер жаңарып, әлеуметтік инфрақұрылым кеңейіп келеді.

2024 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Қаратау ауданында 49 жоба іске асырылса, олардың 31-і толық аяқталды. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – тұрғындардың өз ұсыныстары мен бастамаларының тікелей жүзеге асуына мүмкіндік беруінде. Яғни, қай аумақта қандай алаңша, гүлзар немесе қоғамдық нысан салынатынын халық өзі айқындайды. Бұл тәсіл азаматтардың белсенділігін арттырып қана қоймай, жергілікті басқарудың ашықтығын көрсетеді. Балаларға арналған инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда аудан аумағында 239 балалар ойын алаңы мен 109 спорт алаңы бар. Бұл – жас ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізуге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор мүмкіндік. 2025 жылға жоспарланған 27 жаңа балалар алаңшасының 19-ы қазірдің өзінде пайдалануға берілген, қалғандары жыл соңына дейін аяқталмақ. Сонымен қатар, үш жаңа спорт алаңы салынды және төрт нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл көрсеткіштер ауданның әлеуметтік даму қарқынының жоғары екенін айғақтайды. Жасыл аймақтарды көбейту де қала саясатының басым бағытының бірі. Биыл Қаратау ауданында 12 жаңа гүлзар салынды. Оның ішінде «Тұран», «Сайрам», «Нұртас», «Шапырашты» сияқты елді мекендерде абаттандыру жұмыстары толық аяқталды. Бұған қоса, демеушілердің қолдауымен бірнеше гүлзар қосымша пайдалануға берілді. Бұл бастамалар қала экологиясына оң әсер етіп қана қоймай, тұрғындардың демалысын жайлы етуге бағытталған.

Ауданның эстетикалық келбетін жақсарту мақсатында көпқабатты үйлердің қабырғаларына муралдар салынып жатыр. Жыл ішінде жеті тұрғын үйге түрлі мазмұндағы көркем суреттер салынды. Муралдар тек сәндік емес, тәрбиелік мәні бар мәдени элемент ретінде де қызмет етеді. Сонымен қатар, Сайрам және Қызылсу тұрғын алаптарында 20 метрлік ту орнату жұмыстары жүргізілуде. Абаттандыру жұмыстарының кең көлемде жүргізілуі тұрғындардың өмір сапасын тікелей жақсартады. Балалар алаңшалары мен спорт нысандары – жастардың уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына жағдай жасайды. Гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктер – тұрғындардың демалысына қолайлы орта қалыптастырады. Ал муралдар мен мемлекеттік ту алаңдары – эстетикалық және рухани құндылықтарды дәріптейді.