«SITY SCHOOL» МЕКТЕБІ КӘСІПОДАҚҚА ҚОСЫЛУҒА ҚҰЛШЫНЫС БІЛДІРУДЕ

Қазіргі таңда ұстаздардың әлеуметтік жағдайы мен құқықтарын қорғау мәселесі ерекше назарда. Бұл бағыттағы басты құралдардың бірі – кәсіподақ ұйымдары. Ұжымдық қолдау мен әділдікке сүйенетін мұндай құрылымдар мұғалімдердің мүддесін қорғауға, еңбек жағдайларын жақсартуға және кәсіби ынтымақтастықты арттыруға ықпал етеді. Осындай маңызды бастаманың бірі Шымкент қаласындағы жаңадан ашылған «SITY SCHOOL» білім ордасында қолға алынбақ.
Мектеп ұжымы болашақта бастауыш кәсіподақ ұйымын құрып, «Ынтымақ» бірлестігіне мүше болуға қызығушылық танытты. Бұл қадам – білім саласындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтудың, мұғалімдердің заңды құқықтарын қорғаудың нақты көрінісі. Осыған байланысты «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев мектепке арнайы келіп, ұжыммен кездесті. Кездесу барысында ол Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Қатысушылар кәсіподақтың негізгі мақсаттары мен міндеттері, мүшелікке қабылдау тәртібі және жарна төлеу жүйесі туралы толық мәлімет алды. Бұл түсіндірме ұстаздар үшін кәсіподақтың тек ресми ұйым ғана емес, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын нақты тетік екенін айқындай түсті. Бауыржан Алтеев сөзінде «Ынтымақ» салалық кәсіподағы құрамында табысты жұмыс істеп жатқан ұйымдардың тәжірибесіне тоқталды. Әсіресе Қонаев атындағы мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы белсенді қызмет атқарып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «SITY SCHOOL» сынды жаңа оқу орындарының да бұл қатарға қосылуы – кәсіподақ қозғалысын кеңейтіп қана қоймай, бүкіл білім саласындағы ынтымақтастықты арттырады.
Мұғалімдердің кәсіподаққа мүше болуға ниет білдіруі олардың әлеуметтік қорғауға деген сенімін көрсетеді. Бұл – әділдікті талап етуге, құқықтық сауаттылықты арттыруға және ұжымдық қолдауға деген қажеттіліктің белгісі. Ұжымның алдағы аптада келісімшарт жасауға дайын екендігін білдіруі – бастаманың нақты нәтижеге ұласатынын аңғартады. Жаңадан ашылған білім ордасының кәсіподақ құрамына қосылуы бірқатар артықшылықтар береді. Ең алдымен, мұғалімдердің еңбек шарттары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау жүйелі түрде жолға қойылады. Екіншіден, кәсіби бірлестік аясында түрлі семинарлар, мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, ұжымдық рух күшейтіледі. Үшіншіден, заңдық кеңес беру мен даулы жағдайларды шешуде кәсіподақтың тәжірибесі мұғалімдер үшін үлкен қолдау болады. Кәсіподақ қозғалысының маңызы бүгінгі күні бұрынғыдан да артып отыр. Бәсекеге қабілетті білім беру жүйесі ең алдымен мұғалімдердің әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан кәсіподақ ұйымдарының дамуы – ұстаздардың абыройын көтеріп, олардың еңбекке деген ынтасын арттыратын маңызды фактор.