ЖОЛДАУ МІНДЕТТЕРІ: ЕҢБЕК АДАМЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

Еліміздің саяси өмірінде маңызды оқиға – Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы. Бұл құжат қоғамның даму бағытын айқындап қана қоймай, әлеуметтік әділеттілік пен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты міндеттерді белгілейді. 2025 жылғы Президент Жолдауын талқылау мақсатында Шымкент қаласындағы «АMANAT» партиясының филиалында мәслихат депутаттарының қатысуымен жиын өтті. Бұл басқосуға қалалық кәсіподақ орталығының төрағасы Бауыржан Алтеев те арнайы қатысып, еңбек адамдарының мүддесін қорғау тұрғысындағы ойларын ортаға салды.
Президент Жолдауында айтылған әлеуметтік әділеттілік, халық табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек өнімділігін күшейту және әділ еңбекақы төлеу мәселелері – кәсіподақ қозғалысы үшін ерекше мәнге ие бағыттар. Себебі кәсіподақ ұйымдары әрдайым жұмысшылардың құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдірумен айналысып келеді. Бұл тұрғыда кәсіподақтар билік пен қоғам арасындағы көпір рөлін атқарып, әрбір еңбек адамының мүддесінің ескерілуін қамтамасыз ететін басты институттардың бірі болып саналады. Жиын барысында мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері Жолдауда белгіленген басымдықтарды іске асырудың нақты жолдарын қарастырды. Қатысушылардың пікірінше, алдағы кезеңде еңбек нарығын жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және әділ еңбекақы жүйесін қалыптастыруға басым көңіл бөлінуі тиіс. Мұнда кәсіподақ ұйымдарының белсенді қатысуы аса маңызды.
Кәсіподақтардың рөлі тек еңбек дауларын шешумен шектелмейді. Олар жұмыскерлердің әлеуметтік және құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек қауіпсіздігін қадағалау, кәсіби даярлық пен қайта даярлау жүйесін жетілдіру сияқты маңызды міндеттерді де атқарады. Сонымен қатар, кәсіподақтар жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы келіссөздер алаңы ретінде әділеттілік пен өзара түсіністікті қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бауыржан Алтеевтің айтуынша, Жолдауда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру үшін кәсіподақ ұйымдары белсенді жұмыс атқаруы қажет. Еңбек адамының үнін жеткізу, олардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту – кәсіподақтың басты миссиясы болып қала береді. Осы орайда қалалық кәсіподақ орталығы алдағы уақытта Жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған жаңа жобаларды қолға алуға дайын екенін жеткізді.