ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ШАРАЛАР ЖАНДАНАДЫ

Түркістан облысы әкімдігінде өткен апталық кезекті аппараттық мәжілісте аймақ тұрғындарының әл-ауқатын арттырудың ең басты тетігі — халықты нәтижелі жұмыспен қамту шараларының орындалу барысы мен еңбек нарығындағы өзекті мәселелер талқыға салынды. Алқалы жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы салада қордаланып қалған түйткілдер мен атқарылуы тиіс міндеттерді жіліктеп шағып, жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне енжарлықтан арылып, жұмысты барынша ширатуды шегелеп тапсырды. Аймақ басшысы жұмыссыздықпен күресті тек қағаз жүзіндегі статистика үшін емес, әрбір отбасының тұрмысын түзеу тұрғысынан қарау қажеттігін қадап айтты.

«Көз қуантарлығы, бүгінде өңірімізде сан түрлі өндіріс орындары мен ірі зауыттар көптеп ашылып жатыр. Ендігі кезекте осы бой көтерген зауыттарға сырттан емес, ең алдымен жергілікті тұрғындарды көптеп жұмысқа орналастыруымыз керек. Салалық жауапты басқарма, аудан және қала әкімдіктері, сондай-ақ «Мансап» орталықтары осы маңызды істі өзара тығыз байланыста үйлестірсін. Тұрғындар үшін жаңадан ашылған зауыттарға арнайы танымдық экскурсиялар ұйымдастырыңыздар, оларға бос жұмыс орындары туралы толық ақпарат беріп, жұмысқа орналасуына тікелей көмек көрсетіңіздер. Қолда бар барлық мүмкіндікті халықтың игілігі үшін сарқа пайдалану қажет. Екіншіден, жұмыс беруші кәсіпорындардың өз қызметкерлеріне зейнетақы аударымдарын уақтылы әрі тұрақты аударып отыруын қатаң қадағалау қажет. Сонымен бірге, заман талабына сай электронды еңбек шарттарын рәсімдеуді жүйелеуді, міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударуды және жұмыс барысындағы жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарының мүлтіксіз орындалуын қадағалауды басты міндет ретінде тапсырамын. Ортақ істе салғырттық танытпай, жұмысты ширатыңыздар» деді Нұралхан Көшеров. Мәжіліс барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы мінбеге көтеріліп, еңбек қатынастарын заңдастыру, әлеуметтік төлемдердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды баяндады. Басқарма басшысының келтірген деректеріне сүйенсек, электронды еңбек шарттарын тіркеу бойынша жоспарланған 11509 адамның ішінде бүгінгі таңда 8485 азаматтың еңбек шарты толықтай электронды форматқа көшіріліп, ресми рәсімделген. Бұл игі шараға аймақ бойынша 2964 мекеме белсенді қатысқан және бұл көрсеткішті одан әрі арттыру бағытындағы насихат жұмыстары толастаған емес.

Сонымен қатар, еңбеккерлердің құқығын қорғау мен міндетті зейнетақы жарналарын аудару бағытында да оң серпін мен жақсы динамика қалыптасқан. Бүгінгі таңда облыс көлемінде 9 743 мекеме 47 431 азамат үшін міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аударып отыр. Басқарма басшысы бұл қадам азаматтардың мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғалуын барынша күшейтіп, олардың болашақта егде тартқан шақта зейнетақы жүйесіне толыққанды қатысуын қамтамасыз ететінін атап өтті. Оған қоса, өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігін сақтау және жұмысшыларды күтпеген жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда аймақтағы 308 ірілі-ұсақты мекемеде заң талаптарына сай арнайы сақтандыру шарттары рәсімделіп үлгерген. Бұл ретте, ел болашағы саналатын жастарды, соның ішінде екі қолға бір күрек таба алмай, оқудан да, жұмыстан да тыс қалған «NEET» санатындағы жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Облыста ресми тіркелген жұмыссыздар арасынан анықталған осы санаттағы жас буын өкілдерімен жеке-жеке түсіндіру және мамандыққа баулу жұмыстары жүргізілуде. Аппараттық мәжілісті қорытындылай келе, халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды одан әрі үдету, электронды еңбек шарттарын жүз пайыз толық рәсімдеу, міндетті зейнетақы жарналары мен сақтандыру шарттарын заң талаптарына сай мүлтіксіз қамтамасыз ету, сондай-ақ NEET санатындағы жастарды қоғамдық-белсенді жұмыспен қамту шараларына кеңінен тарту бойынша барлық жауапты тұлғаларға нақты әрі мерзімді міндеттер жүктелді. Түркістандағы еңбек нарығының тамырына қан жүгіртер бұл қадамдардың орындалуы облыс басшылығының тұрақты бақылауында болмақ.