ҚОҒАМДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК МАСЫЛДЫҚ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Оңтүстік ТВ» телеарнасындағы «Көзқарас» бағдарламасының қонағы болған Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев қоғамдағы маңызды тақырып – әлеуметтік масылдық мәселесіне қатысты өз көзқарасын білдірді. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауында айтылған әлеуметтік саясаттың өзекті тұстарын талдап, еңбек пен жауапкершіліктің қоғам өміріндегі рөліне тоқталды.

Бағдарлама барысында Бауыржан Алтеев ең алдымен мемлекеттің дамуы мен халықтың әл-ауқаты тікелей еңбекке байланысты екенін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстанның басты байлығы – еңбекқор және табанды халқы. Егер қоғамда еңбекке деген ынта мен жауапкершілік әлсіресе, онда экономикалық өсім де баяулайды, әлеуметтік әділдік те әлсірейді. «Әлеуметтік қолдаудың шынайы мақсаты – адамдарды еңбекке ынталандыру. Мемлекет көмекке мұқтаж жандарға әділ қолдау көрсеткенімен, еңбекке қабілетті азамат әрдайым өз еңбегімен күн көруге ұмтылуы тиіс» деді ол өз сөзінде. Кәсіподақтар төрағасы әлеуметтік жәрдемақылар мен мемлекеттік жеңілдіктердің мәнін дұрыс түсіну қажеттігін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, кейде еңбекке қабілетті азаматтардың өздері жұмыс істеуден қашқақтап, мемлекетке арқа сүйеуге бейімделіп кетеді. «Мұндай жағдай – әлеуметтік масылдықтың көрінісі. Бұл құбылыс қоғамның дамуына кедергі келтіреді және халықтың әл-ауқатына кері әсер етеді» деді Бауыржан Алтеев. Бағдарламада ол әлеуметтік масылдықтың алдын алу бағытында нақты ұсыныстар да айтты. Ең алдымен жастарды жастайынан еңбекке баулудың маңызын атап өтті. «Бала кезінен еңбекке үйренген ұрпақ ертеңгі күні өз өмірін өзі қалыптастыра алады. Сондықтан мектеп пен отбасы тәрбиесінде еңбекке құрмет сезімін қалыптастыру өте маңызды» деді кәсіподақ басшысы. Сонымен қатар, кәсіби білім мен жаңа дағдыларды меңгеру де еңбек нарығындағы тұрақтылықтың негізі екенін айтты. «Еңбек етуге ниетті азаматқа мемлекет мүмкіндік жасап отыр – оқуға, кәсіп меңгеруге, мамандық иесі болуға барлық жағдай бар. Тек ынта мен жауапкершілік қажет» деді ол.

Бауыржан Алтеев еңбек адамын қолдау – тек әлеуметтік әділдік емес, ел тұрақтылығының кепілі екенін де ерекше атап өтті. Кәсіподақтар ұйымының басты міндеті – еңбек етушілердің құқығын қорғау, әділ жалақы мен қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету. «Еңбек адамының қадірі артқанда ғана қоғам дамиды, халықтың өмір сапасы жақсарады» деді ол өз ойын түйіндей келе. Кәсіподақ төрағасының айтуынша, әлеуметтік масылдық тек экономикалық емес, рухани мәселе де болып табылады. Себебі ол адамның өмірге деген көзқарасын, өзіне және қоғамға деген жауапкершілігін әлсіретеді. «Адам еңбек арқылы ғана өзін дамыта алады, отбасына береке әкеледі, елге пайдасын тигізеді. Еңбек – әрбір азаматтың рухани тірегі әрі нағыз өмір мектебі» деп қорытындылады ол өз сөзін. Бауыржан Алтеевтің пікірлері қоғамдағы өзекті мәселелердің бірін ашып көрсетті. Оның айтуынша, мемлекеттің әлеуметтік саясаты әділдік пен еңбекке ынталандыру қағидатына негізделуі тиіс. Еңбек – тек табыс көзі емес, ол адамның өз қадір-қасиетін сезінуінің, өмірге белсенді араласуының белгісі. Сондықтан әр азамат өз еңбегімен өмір сүруді мақсат тұтқанда ғана елдің болашағы жарқын болмақ.