ШЫМКЕНТТЕ ҮЗДІК ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында өткен «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты жиын мұғалімдердің мәртебесін айқындап, олардың қоғамдағы ерекше орнын тағы бір мәрте дәлелдеген мерекелік шара болды. Бұл күн білім беру саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына құрмет көрсетуге арналды. Олардың қажырлы еңбегі мен ұлт болашағын тәрбиелеудегі ерен үлесі кеңінен атап өтілді.
Салтанатты жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов, аудан әкімдері, басқарма басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының жетекшілері, ардагер ұстаздар мен екі мыңнан астам педагог қатысты. Залға жиналған ұстаздардың жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі айқын байқалды. Әрбірі өз еңбегінің еленгенін, қоғам тарапынан құрмет көріп отырғанын жүректерімен сезінді. Мерекелік жиын барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мемлекеттік наградалары табысталды. Шымкент қаласының төрт ұстазы «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін иеленсе, көптеген педагогтер «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. Сонымен қатар қала әкімі мен мәслихат төрағасының Алғыс хаттары тапсырылды. Бұл марапаттар – жылдар бойғы қажырлы еңбектің, табандылық пен шәкіртке деген шексіз сүйіспеншіліктің лайықты бағасы болды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өз құттықтау сөзінде ұстаз мамандығының асқақ мәртебесін ерекше атап өтті. Ол ұстаздың еңбегі – ұлттың болашағына салынған іргетас екенін айтты. Сонымен қатар «Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, ұстаздық – ұлы миссия. Өйткені адам қандай дәрежеге жетсе де, өмір бойы ұстазының алдында шәкірт болып қала береді. Ұстаз – елдің рухани шамшырағы, қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі мұғалімдер жас ұрпақты білімді, мәдениетті, отансүйгіш азамат етіп тәрбиелеуде үлкен жауапкершілікті арқалап отыр. Мұғалімнің мәртебесін көтеру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан соңғы жылдары ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған көптеген нақты шаралар жүзеге асуда» деді әкім өз сөзінде. Ол сондай-ақ Шымкент қаласында бүгінде 32 мыңнан астам педагог еңбек етіп жатқанын және олардың еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланатынын атап өтті. Биыл төрт ұстаздың «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталуы – мұғалім мамандығының беделін арттырып, жас буынға үлгі боларлық оқиға екенін айтты.
Салтанатты шара ұстаздарға арналған концерттік бағдарламамен жалғасты. Ән мен күй, өлең мен құттықтаулар – барлығы да ұстаз еңбегіне деген халықтың шексіз құрметін сездірді. Әрбір орындалған ән мен айтылған лебіз ұстаздың қоғамдағы рөлін айқындап, көрермендердің көңілінде зор мақтаныш сезімін оятты. Бұл мереке – тек кәсіби күн ғана емес, еңбектің еленіп, ізгілік пен мейірімнің салтанат құрған ерекше сәт болды. Ұстаздарға көрсетілген ықылас – олардың ұлт тәрбиесіндегі, ел дамуы мен өркендеуіндегі еңбегіне деген құрметтің айқын белгісі.