ШЫМКЕНТ ӘУЕЖАЙЫ RA3 СЕРТИФИКАТЫН АЛДЫ

Шымкент халықаралық әуежайы өзінің даму тарихында жаңа белеске көтерілді. Әуежай сәтті түрде халықаралық сертификаттау рәсімінен өтіп, Еуропалық Одақтың авиациялық қауіпсіздік стандарттарына толық сай келетіндігін дәлелдейтін RA3 (Regulated Agent Third Country) мәртебесін иеленді. Бұл жетістік әуежайдың халықаралық деңгейдегі сенімді және заманауи жүк тасымалдау орталығы ретіндегі беделін айқындай түседі.
RA3 мәртебесі – кез келген әуежай үшін жоғары сенім мен сапаның белгісі. Шымкент әуежайына берілген KZ/RA3/00004-01 нөмірі оны Еуропаның ресми RA3 деректер базасына енгізді. Бұл сертификаттың басты артықшылығы – енді Шымкенттен Еуропа елдеріне жөнелтілетін әуе жүктері транзиттік әуежайларда қосымша қауіпсіздік тексерулерінен өтпейді. Мұндай мүмкіндік жүк жеткізу уақытын қысқартып, логистикалық процестерді айтарлықтай оңтайландырады. Жаңа мәртебенің арқасында әуежай халықаралық логистика нарығында өз орнын күшейтпек. RA3 сертификаты серіктес компаниялар үшін сенімділіктің кепілі саналады. Осы арқылы Шымкент әуежайы әлемдік жүк тасымалдау жүйесіндегі маңызды хабтардың біріне айналуға жақындап отыр. Бұл жетістік тек әуежайдың емес, тұтас қаланың экономикалық және инвестициялық әлеуетін арттыруға зор үлес қосады. Мұндай нәтижеге жету үшін әуежайда бірқатар жүйелі шаралар жүзеге асырылды. Еуропалық Одақтың авиациялық қауіпсіздік стандарттарына сай тексеру, жүк тасымалының барлық кезеңінде бақылауды күшейту, заманауи қауіпсіздік жүйелерін енгізу секілді талаптар толық орындалды. Сарапшылардың айтуынша, бұл сертификатты алу – оңай шаруа емес. Ол тек жоғары деңгейдегі инфрақұрылымға, қауіпсіздік мәдениетіне және халықаралық талаптарға сай басқару жүйесіне ие нысандарға ғана беріледі. RA3 мәртебесінің экономикалық маңызы да зор. Енді Шымкент әуежайы арқылы өтетін халықаралық жүк айналымы көлемі айтарлықтай өседі деп күтілуде. Уақыт үнемдеу мен шығынды азайту логистикалық компаниялар үшін үлкен тиімділік тудырады. Сонымен қатар бұл мәртебе Шымкенттің халықаралық әуе тасымалдаушылары мен логистикалық операторлар үшін тартымдылығын арттырады. Қала іскерлік белсенділіктің жаңа орталығына айналып, аймақтың инвестициялық тартымдылығын күшейтпек.
Шымкент әуежайының болашағына бағытталған тағы бір ірі жоба – екінші ұшу-қону жолағын салу бастамасы. Бұл құрылыс стратегиялық тұрғыда маңызды болып табылады. Жаңа жолақтың ұзындығы 3500 метр, ені 60 метр болмақ. Оның ПСН-80 санатындағы төсемі ең ауыр және ірі жүк ұшақтарын қабылдауға мүмкіндік береді. Мұндай деңгейдегі инфрақұрылым Шымкентті Орталық Азиядағы ірі мультимодальды көлік торабына айналдыруға жол ашады. Болашақ жолақ халықаралық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келеді. Онда көріну шектеулі жағдайда да әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік беретін навигациялық жүйелер орнатылады. Бұл әуе қатынасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, барлық маусымда сенімді жұмыс істеуге жағдай жасайды. Шымкент халықаралық әуежайының RA3 сертификатын алуы – елдің көлік және сауда саласындағы интеграциялық әлеуетін нығайтудың нақты дәлелі. Бұл жетістік Қазақстанның жаһандық көлік дәліздеріне белсенді араласуына жол ашып, халықаралық жүк тасымалы нарығында еліміздің рөлін арттырады.