КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖАНДАНАДЫ

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қауымдастық алдында есеп беруі дәстүрге айналған. «Бірыңғай есеп беру күні» деп аталатын бұл іс-шараның басты мақсаты – билік пен кәсіпкерлер арасындағы сындарлы диалогты дамыту және бизнестің өзекті мәселелерін бірлесіп шешу. Биылғы жиын Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында өтті. Іс-шараны Түркістан облысы әкімдігі ұйымдастырды. Кездесуге облыс әкімдігі мен прокуратура өкілдері, экономикалық тергеп-тексеру органдарының басшылары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мүшелері, қаржылық ұйымдар мен бизнес өкілдері қатысты.
Басқосудың негізгі тақырыбы – өңірдегі кәсіпкерлік ахуалды жақсарту, инвестициялық мүмкіндіктерді арттыру және бизнеске кедергі келтіретін факторларды жою болды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков өз сөзінде өңірде кәсіпкерлікке ерекше басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, облыс әкімдігі бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бірқатар жүйелі жобаларды іске асыруда. Жиын барысында «Шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі драйвері. Түркістан облысы – кәсіпкерлік әлеуеті жоғары өңір. Бүгінгі таңда облыста 216 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Әкімдік бизнес климатты жақсарту үшін түрлі жеңілдіктер мен ынталандыру шараларын жүзеге асырып келеді. Соңғы бір жылда өңірде 11 жаңа индустриалды аймақ құрылып, олардың жалпы саны 20-ға жетті. Бұған қоса, өнеркәсіптік алаңы 1214 гектарды құрайтын «Тұран» арнайы экономикалық аймағы табысты жұмыс істеуде. Мұнда қызмет ететін кәсіпкерлер табыс, кеден, жер және мүлік салығынан босатылады» деді Талғат Қозбеков. Оның айтуынша, өңірде сонымен қатар «Өндірістік парк» жобасы қарқынды дамып келеді. Бұл бастама шеңберінде өндірістік парктің алғашқы кезеңі аяқталып, 30,7 млрд теңгеге 10 жоба іске қосылған. Ал екінші және үшінші кезеңдері бойынша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, жалпы 70 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр. Сонымен бірге Сауран ауданында 71 гектар аумақта жеке кәсіпкерлердің есебінен 148 өндірістік ғимарат салынып жатыр. Бұл бастама алдағы уақытта өңірдің барлық аудандарында жалғасады.
Кездесу барысында Түркістан облысы прокуратурасы Қоғамдық мүддені қорғау басқармасының басшысы Болат Жұмағалиев сөз алып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, прокуратураның негізгі міндеттерінің бірі – бизнесті заңсыз қысымнан қорғау және инвестициялық жобаларды құқықтық тұрғыда сүйемелдеу. «Кәсіпкерлікті қорғау – прокуратура қызметінің басым бағыты. Біз бизнес өкілдерінен келіп түскен шағымдарды жіті қарап, құқық бұзушылықтарды жою бойынша нақты шаралар қабылдап келеміз. Сонымен бірге инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына құқықтық қолдау көрсетіледі» деді Болат Жұмағалиев. Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов өз баяндамасында бизнесті қолдау, инвестиция тарту және өндірістік инфрақұрылымды дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, өңірде инвесторлар үшін бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді, бұл бизнеске әкімшілік тосқауылдарды азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай да өз баяндамасында көлеңкелі экономиканы азайту, қаржы айналымының ашықтығын қамтамасыз ету және бизнесті заңсыз тексерулерден қорғау бағытындағы шаралар жөнінде мәлімет берді.
Сонымен қатар жиында Полиция департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері сөз сөйлеп, кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру, тексерістерді оңтайландыру және бизнеске қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Басқосуда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері де бизнес өкілдерінің мүддесін қорғау, несиелік қолжетімділікті арттыру және экспортқа бағытталған өндірістерді қолдау мәселелерін көтерді. Кездесу барысында кәсіпкерлер өз салаларына қатысты түйткілді мәселелерді айтып, ұсыныстарын жеткізді. Олардың қатарында салықтық әкімшілендіруді жеңілдету, инфрақұрылымға қолжетімділікті арттыру, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру және логистикалық кедергілерді жою мәселелері бар.