ФУТБОЛ АЛАҢШАСЫНДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

«AMANAT» партиясының Тұран аудандық филиалы тұрғындар өтініштерін назардан тыс қалдырмай, елді мекендердің әлеуметтік мәселелерін шешуге жүйелі түрде атсалысып келеді. Соның айғағы ретінде жақында Отырар шағын ауданы тұрғындарының өтініші бойынша нақты іс атқарылды. Тарқатсақ, Отырар шағын ауданының №9 үй тұрғындары қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп, ауладағы футбол алаңшасына апарар жолдың бойында шұңқыр пайда болғанын және бұл жағдай балалардың да, тұрғындардың да қауіпсіз қозғалысына кедергі келтіріп отырғанын жеткізген еді. Әсіресе жаңбырлы күндері жолдың лай-батпаққа айналып, балалардың спорт алаңына баруы қиындай түсетіні айтылды.
Тұрғындар көтерген мәселе дереу назарға алынып, Тұран аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Есімхан Қалмаханұлы жағдайды бақылауына алды. Ол өтініш иелеріне бұл мәселе бойынша Тұран ауданы әкімдігіне ресми түрде хабарланатынын және тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Партия филиалының бастамасымен атқарушы органдарға тиісті ақпарат жолданып, мәселе бойынша нақты жұмыстар ұйымдастырылды. «AMANAT» партиясы мен аудан әкімдігінің өзара үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде, Тұран КММ-нің абаттандырылған нысандарды күтіп ұстау бөлімі арнайы мамандарды оқиға орнына жіберді. Мамандар жергілікті жағдайды тексеріп, жолдың бұзылған бөлігін жөндеу жұмыстарына кірісті. Бірнеше күн ішінде №9 үй маңындағы жол жөнделіп, шұңқырлар тегістелді. Асфальт жабындысы қалпына келтіріліп, тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасалды. Осылайша, тұрғындар көтерген мәселе қысқа мерзімде өз шешімін тапты. Жергілікті тұрғындар атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, өз өтініштерінің ескерусіз қалмағанына алғыс айтты. Олар «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгіну арқылы нақты нәтиже көргендерін және партияның ел мүддесі үшін нақты іс атқарып келе жатқанын атап өтті. Партияның Тұран аудандық филиалы мұндай өтініштерді үнемі назарда ұстап, азаматтардың күнделікті өміріне әсер ететін мәселелердің шешілуіне дәнекер болуды жалғастыруда. Қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен әрбір өтініш тіркеліп, тиісті мекемелерге жолданады және оның орындалу барысы партия бақылауында болады. Бұл жағдай партия мен тұрғындар арасындағы өзара сенім мен байланыстың артып келе жатқанын көрсетеді. Азаматтардың белсенділігі мен өз ортасына деген жауапкершілігі артқан сайын, осындай нақты нәтижелер көбейе бермек.
«AMANAT» партиясының басты мақсаты – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, олардың мәселелерінің шешілуіне нақты үлес қосу. Отырар шағын ауданындағы жол жөндеу мәселесінің шешілуі осы ұстанымның айқын көрінісі. Тұран аудандық филиалының қызметкерлері алдағы уақытта да ел игілігі үшін осындай игі істерді жалғастыра бермек. Тұрғындардың бір ауыз өтінішінен басталған бұл оқиға бүгінгі таңда нақты нәтижеге ұласқан табысты істің мысалына айналды. Партияның жергілікті филиалы өз қызметінің басты қағидасы ретінде халықпен тығыз байланыс орнатуды, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырып келеді.