КӘСІПОДАҚТАР – ӘДІЛЕТ ПЕН ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІКТІҢ ТІРЕГІ

Қазіргі қоғамның тұрақтылығы мен дамуы еңбек адамының жағдайына, оның құқықтық қорғалу деңгейіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда кәсіподақ қозғалысы – тек жұмысшылардың құқығын қорғаушы ұйым ғана емес, ол – елдің әлеуметтік әділеттілігін қамтамасыз ететін, қоғамдағы ынтымақ пен бірліктің берік діңгегіне айналған құрылым. Осы идеяны айқындай түскен маңызды шараның бірі – Шымкент қаласындағы «Көрме орталығында» өткен Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты жиын. Бұл мереке – еңбекті қадірлеу, еңбек адамының мәртебесін арттыру және кәсіподақ қозғалысының ел өміріндегі маңызын ұлықтау күні ретінде ерекше мәнге ие.
Кәсіподақтар күні – бұл тек кәсіби мейрам емес. Бұл – түрлі салада еңбек етіп жүрген мыңдаған азаматтың еңбегін бағалау, олардың қоғамдағы орнын айқындау мерекесі. Осы күні өндіріс, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, мемлекеттік және қоғамдық қызмет саласының үздік өкілдері құрметке бөленеді. Бұл – әділет пен ынтымақтың, әлеуметтік серіктестіктің мерекесі. Биылғы жиынның тарихи ерекшелігі – еліміздегі кәсіподақ қозғалысының екі маңызды белесімен тұспа-тұс келуі. Біріншісі – Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы, екіншісі – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы. Бұл екі мерейтой елдегі кәсіподақ ұйымдарының ғасырдан астам уақыт бойы елмен бірге дамып, қоғамның әлеуметтік тірегіне айналғанының айғағы. Салтанатты жиын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің бейнеқұттықтауымен басталды. Ол өз сөзінде кәсіподақтардың ел өміріндегі рөліне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, кәсіподақ қозғалысы – тек еңбек қатынастарын реттеуші емес, қоғамның әлеуметтік дамуының қозғаушы күші. Төраға өз құттықтауында үш маңызды бағытты ерекше атап өтті. Олар — Қазақстан кәсіподақтарының ел ішіндегі орны мен беделі, кәсіподақтардың жұмысшылар құқығын қорғаудағы тарихи және қазіргі таңдағы маңызы және әлеуметтік әріптестік пен ынтымақтастықты нығайтудағы үлесі. Бұл бағыттар қазіргі заман талабымен үндес. Кәсіподақ тек жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы делдал ғана емес, ол – қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ететін, әлеуметтік келісім мәдениетін дамытатын күш.
Жиын барысында кәсіподақ қозғалысының тарихына арналған бейнематериал көрсетілді. Онда кәсіподақ ұйымдарының қалыптасу жолы, ардагерлердің еңбегі және тәуелсіздік жылдарындағы жаңғыру кезеңдері баяндалды. Кадрлардан Қазақстандағы алғашқы кәсіподақ ұйымдарының құрылу тарихы, кеңестік кезеңдегі жұмысшылар қозғалысы мен бүгінгі жаңа буын кәсіподақтарының тәжірибесі айқын көрініс тапты. Кәсіподақ қозғалысының ардагерлері – бұл ұйымның рухани ұстындары. Салтанатты жиында еңбек ардагерлері Шерімқұлов Досыбай Айтбайұлы мен Валентина Максимовна Ващенко сөз алып, кәсіподақ жүйесінің өткені мен бүгіні туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Олар кәсіподақтың қарапайым жұмысшыдан бастап қоғамдағы ірі әлеуметтік реформалардың жүзеге асуына дейінгі жолын айта келіп, бүгінгі буынды бірлік пен жауапкершілікке шақырды. Ардагер Валентина Ващенкоға Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық мерейтойына арналған арнайы «120 жыл» естелік медалі табысталды. Бұл марапат – ұрпақтар сабақтастығын, кәсіподақ қозғалысының үзілмес дәстүрін айғақтайтын ерекше белгі болды.
Жиынның ресми бөлімінде құттықтау сөз сөйлеген Шымкент қаласы Мәслихатының төрағасы Нарымбетов Бахадыр Мәдәліұлы еңбек адамына құрмет көрсету – елдің өркениет деңгейін көрсететін өлшем екенін атап өтті. Сонымен қатар ол қала әкімінің және Мәслихаттың Алғыс хаттарын тапсырды. Бұдан бөлек, ол кәсіподақтардың қаладағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды рөлін ерекше атап өтті. Еңбек дауларының алдын алу, қызметкерлердің құқықтық сауатын арттыру және әлеуметтік кепілдіктерді қорғау – кәсіподақтардың басты міндеті екенін еске салды. Жиында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев сөз алып, ұйымның соңғы жылдардағы жетістіктерін нақты деректермен баяндады. Оның айтуынша, соңғы бес жылда кәсіподақ орталығы 43 отырыс өткізіп, жұмыс берушілер мен билік өкілдері арасында 93 маңызды мәселені қараған. Соның 31-і кәсіподақ бастамасымен көтеріліп, нақты шешімін тапқан. Оның ішінде өндірістегі жазатайым оқиғалар санының 21 пайызға азайғаны ерекше атап өтілді. Бұл көрсеткіш – тек статистикалық мәлімет емес, онда көптеген адамның өмірі мен денсаулығы бар. Сонымен қатар, 3500-ден астам азамат құқықтық оқытудан өткен. Бұл кәсіподақ мүшелерінің өз құқықтарын білуіне және қорғауына мүмкіндік берді.
Тағы бір маңызды жоба – «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы. Бұл бастама аясында кәсіподақ орталығы 369 рет жергілікті ұйымдарға барып, 125 мәселені анықтап, оның 120-сын жедел шешкен. Мұндай жедел әрекет кәсіподақтың халыққа жақын, нақты нәтиже беретін құрылым екенін көрсетеді. Бауыржан Ілімшаұлы өз сөзінде: «Біздің күшіміз – бірлікте. Біз еңбек адамының құқықтарын қорғауды, әділеттілік пен әлеуметтік келісімді қамтамасыз етуді жалғастырамыз. Кәсіподақтар қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың сенімді тірегі болып қала береді», – деп атап өтті. Кәсіподақ қозғалысының дамуына айрықша үлес қосқан белсенді мүшелер марапатқа ие болды. Олардың ішінде түрлі салада еңбек етіп жүрген ұстаздар, дәрігерлер, мәдениет және өндіріс қызметкерлері бар. Марапаттардың қатарында «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» белгісі, «Еңбек озаты» атағы, ҚР Кәсіподақ Федерациясы төрағасының Алғыс хаттары мен «Құрмет грамоталары» бар. Бұл марапаттар тек еңбектің бағалануы емес, кәсіподақ мүшелерінің қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған мотивацияның көрінісі.
Мерекелік жиында «SENIM» салалық кәсіподағына қарасты Қан орталығы бастауыш ұйымының төрайымы Дана Сайлаубекқызы сөз сөйлеп, жастардың кәсіподақ жүйесіндегі белсенділігіне тоқталды. Оның айтуынша, жас қызметкерлер кәсіподақ қозғалысына жаңа серпін беріп, заманауи форматтағы әлеуметтік жобаларды іске асыруда ерекше белсенділік танытып келеді. Жастардың кәсіподаққа қосылуы – ұйымның болашағы үшін стратегиялық маңызы бар қадам. Себебі жаңа буынның қатысуы кәсіподақ қызметін заманауи талаптарға сай жаңғыртуға, цифрлық форматта жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі кәсіподақтар қызметі тек еңбек шарттары мен жалақыны қорғаумен шектелмейді. Олар ұжым ішіндегі мәдени іс-шараларға, спорттық жарыстар мен қайырымдылық акцияларына да белсене қатысады. Бұл ұйымдардың әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін арттырып, қоғамда өзара көмек пен қолдау дәстүрін қалыптастырады. Кәсіподақтар еңбек қауіпсіздігін бақылау, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, гендерлік теңдік пен инклюзивті еңбек ортасын құру бағытында да белсенді жұмыс атқарып келеді. Бұл олардың қазіргі заманғы әлеуметтік институт ретіндегі маңызын арттыра түседі.
Жиынның соңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, Шымкент қаласының өнерпаздары мен мәдениет саласының кәсіподақ мүшелері өз өнерлерін тарту етті. Ән мен би, поэзия мен патриоттық рухқа толы көріністер мерекенің сәнін кіргізіп, еңбек адамдарының мерейін асыра түсті. Кәсіподақ қозғалысы – қоғамдағы тұрақтылықтың, әділдіктің және ынтымақтастықтың символы. Шымкент қаласында өткен бұл салтанатты жиын – сол құндылықтардың нақты көрінісі. Кәсіподақтар елдің еңбек әлеуетін нығайтуда, жұмысшылардың құқықтарын қорғауда және әлеуметтік әріптестікті дамытуда айрықша рөл атқарып келеді. 120 жылдық тарихы бар кәсіподақ қозғалысы – ұлттың еңбек мәдениетінің айнасы. Ол ғасырлар тоғысындағы сынақтардан сүрінбей өтіп, жаңа дәуірдің талабына сай бейімделіп келеді. Ал 35 жылдық Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясы – осы қозғалыстың жаңа дәуірдегі символы, ел бірлігінің тірегі. Бүгінгі Кәсіподақтар күні – тек мереке емес, ол – қоғамдағы ең басты құндылықтардың бірі – еңбек пен әділеттілікті дәріптеу күні. Кәсіподақ ұйымдары келешекте де ел мүддесі үшін қызмет етіп, еңбек адамының абыройын қорғап, қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі бола беретіні сөзсіз.