АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ

Қазақстанда жыл сайын 19 қазан күні Құтқарушылар күні атап өтіледі. Бұл – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандардың кәсіби мерекесі. Биыл Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Атаулы күн азаматтық қорғаныс жүйесінің қалыптасуы мен дамуындағы маңызды белес болып саналады.
Осыған орай Шымкент қаласында мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Салтанатты жиын барысында әкім сала қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, ел қауіпсіздігі жолындағы ерен еңбектері үшін алғыс білдірді. «Еліміздің қауіпсіздігі мен азаматтардың игілігі жолындағы жанқиярлық еңбектеріңіз – ерлік пен Отанға деген адалдықтың жарқын үлгісі. Сіздер адамдарды құтқару жолында күн сайын өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, борыштарыңызды абыроймен атқарып келесіздер. Осынау мереке күні сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, қызметтеріңізге табыс тілеймін» деді Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде. Іс-шара барысында үздік қызметкерлерге қала әкімінің алғыс хаттары мен арнайы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында бірқатар бөлімшелерге жаңа арнайы автокөліктердің кілттері берілді. Бұл жаңа техника төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге және құтқару жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Мерекелік жиыннан кейін қала әкімі Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған заманауи өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникаларының көрмесін аралады. Мұнда өрт сөндіруге, су тасқынының алдын алуға және түрлі апаттар кезінде адамдарды құтқаруға арналған арнайы жабдықтар көрсетілді.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде мыңға жуық қызметкер еңбек етуде. Қала аумағындағы 10 өрт сөндіру бекетінің мамандары мен жедел-құтқару жасағы тәулік бойы қызмет атқарып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Қала аумағының кеңеюіне байланысты азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары жаңа өрт сөндіру бекеттері салынып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, жедел жәрдем мен полиция қызметін біріктіретін көпфункционалды орталықтар құру жұмысы қолға алынған. Бұл өз кезегінде төтенше жағдай туындаған сәтте шұғыл көмек көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Қала әкімі атап өткендей, бұл саладағы жетістіктер – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесі. Төтенше жағдайлар қызметін техникалық тұрғыда жаңарту, кадрлардың біліктілігін арттыру, материалдық жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Соңғы жылдары Шымкент қаласында өртке қарсы сынақ зертханасы мен медициналық пункт ашылып, құтқарушылардың кәсіби даярлығын күшейту үшін спорт және жаттығу алаңдары салынды. Бұған қоса, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 43 жаңа құрал-жабдық сатып алынған.


